Астанада заңсыз ет өңдейтін жасырын цех анықталды
Астанада «Мал ұрлығы» жедел-профилактикалық шарасы барысында ауыл шаруашылығы жануарларын заңсыз өңдейтін жасырын цех анықталды. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің қалалық аумақтық инспекциясы хабарлады.
Цехта рұқсат құжаттары болмаған
Анықталған цех 2-санаттағы объектілерге қойылатын талаптарға сай рұқсат құжаттарынсыз жұмыс істеген. Онда өңделген ет өнімдеріне ветеринариялық-санитариялық қорытынды мен есептік нөмір берілмеген.
Ет өнімдерінен сынама алынып, зертханаға жіберілді
Мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторлар қой етінен сынамалар алып, зерттеу үшін «Республикалық ветеринариялық зертхананың» Астана қаласындағы филиалына жолдады.
Заң бұзушыға айыппұл салынды
Құқық бұзушылық жасаған адамға әкімшілік айыппұл салынды. Шығу тегі белгісіз ірі және ұсақ қара малдың жалпы салмағы 360 келі болатын ішкі ағзалары мен қосалқы өнімдері «Астана-Ветсервис» коммуналдық кәсіпорнының пеш-инсинераторында жойылды.
Бақылау шаралары жалғасуда
Астана қаласында заңсыз ет өнімдерін анықтау және жою бағытындағы жұмыстар жалғасып жатыр.
Дереккөз: gov.kz



