Экономика

Қазақстан ауыл шаруашылығында өнімділікті арттыру және технологиялық жаңғырту қолға алынды

Ауыл шаруашылығы министрлігі егін шаруашылығын дамыту, қазіргі агротехнологияларды енгізу және өндірістің климат өзгерістеріне төзімділігін күшейту бағытында жүйелі жұмыстарын жалғастырып келеді. Бұл шаралар ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемін екі есеге арттыру жөніндегі Мемлекет басшысының тапсырмасына сай әзірленген 2024–2028 жылдарға арналған жол картасында қарастырылған.

Егіс алқаптарын әртараптандыру және жоғары табысты дақылдарға көшу

Министрлік үшін негізгі басымдықтардың бірі – егіс алқаптарының құрылымын әртараптандыру және жоғары табысты дақылдардың үлесін арттыру. Бұл тәсіл ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалану мен өндірістің тұрақтылығын нығайтуға мүмкіндік береді.

Тұқым сапасын жақсарту және тыңайтқыш қолдану көлемін ұлғайту

Тұқым материалының сапасына ерекше көңіл бөлінеді. Биыл элиталық тұқымдардың үлесі жоспардағы 11,6%-дан асып, 12%-ға жетті. Бұл көрсеткішті одан әрі ұлғайту дақылдардың өнімділігі мен төзімділігін арттырудың маңызды шарты болып саналады. Сонымен қатар, биыл аграршылар 2,2 миллион тонна минералды тыңайтқыш енгізді. Бұл ғылыми негізделген қажеттіліктің 66%-ын құрап отыр. Тыңайтқыштарды қолдану көлемін көбейту егіншіліктің тиімділігі мен өнімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Техника паркін жаңарту және су үнемдеу технологияларын енгізу

Машина-трактор паркін жаңарту шаралары жалғасуда. Биыл техниканы жаңарту деңгейі 7%-ға жетсе, жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 8%-ға жетеді деп жоспарланған. Сонымен қатар, су үнемдеу технологияларын қолдану да кеңейеді. Бұл шаралар климаттың өзгеруі мен су ресурстарына түсетін жүктеменің артуы жағдайында аса маңызды.

Өнімділікті тұрақты арттыру – басты мақсат

Аталған шаралардың кешенді іске асырылуы ауыл шаруашылығын жоғары өнімді әрі технологиялық жағынан дамыған деңгейге шығаруға бағытталған. Негізгі мақсат – әр гектардан алынатын өнім көлемін ұдайы арттырып, өнімнің өзіндік құнын төмендету және қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімінің ішкі әрі сыртқы нарықтардағы бәсекеге қабілеттілігін күшейту.

Дереккөз: gov.kz

Басқа жаңалықтар

Back to top button