Қазақстан мен Кувейт саяси консультациялардың екінші кезеңін өткізді
2026 жылғы 29 қазанда Әл-Кувейт қаласында Қазақстан Республикасы мен Кувейт Мемлекетінің сыртқы істер министрліктері арасындағы саяси консультациялардың екінші кезеңі өтті. Қазақстан делегациясын Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исағалиев, Кувейт делегациясын Азия мәселелері жөніндегі министрдің көмекшісі Науаф Абдулатиф Әл-Ахмад басқарды.
Кездесу барысында тараптар екі ел арасындағы қарым-қатынастардың қазіргі деңгейі мен болашағын талқылады. Сондай-ақ саяси диалог пен практикалық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ниетті екендерін растады. Жоғары деңгейдегі байланыстарды жандандыру және өзара сапарларды ілгерілету мәселесіне ерекше көңіл бөлінді.
Сауда және инвестициялық ынтымақтастық
Тараптар Қазақстан-Кувейт сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі бірлескен үкіметаралық комиссияның төртінші отырысын өткізуге келісті. Өзара сауда айналымын арттыру және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту мәселелері талқыланды. Кувейттің мемлекеттік органдары мен қаржы-инвестициялық институттарының өкілдері Қазақстанмен экономикалық және инвестициялық байланыстарды дамытуды қолдайтынын мәлімдеді.
Қазақстан тарапы ауыл шаруашылығы мен азық-түлік өнімдерін ұзақ мерзімді жеткізуге дайын екенін айтып, елдің Кувейттің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі сенімді серіктес бола алатынын атап өтті. Сондай-ақ Кувейт араб экономикалық даму қорымен және басқа да қаржы институттарымен бірлескен жобаларды іске асыруға ерекше назар аударылды.
Құжаттар мен халықаралық ынтымақтастық
Кездесуде екіжақты шарттық-құқықтық базаны жетілдіру, құжаттарды келісу және қол қоюға дайындау жұмыстары жандандырылады деп шешілді. Тараптар өңірлік және халықаралық мәселелер, сондай-ақ халықаралық ұйымдар аясындағы өзара іс-қимыл бойынша пікір алмасты.
Кездесу қорытындысында тұрақты ведомствоаралық диалогты жалғастыру және саяси консультациялардың келесі кезеңін Астанада өткізу жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді.
Дереккөз: gov.kz



