Алматыда гимнастика федерациясының жаңа орталығының жобасы мақұлданды
Алматы қаласы Алатау ауданында Қазақстан гимнастика федерациясының жаңа орталығын салу жобасы мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алды. Бұл кешен қаладағы №13 шағын ауданның 3/1 учаскесінде бой көтереді.
Жобаның тапсырыс берушісі — Алматы қаласы Құрылыс басқармасы, ал бас жобалаушы — «Қазақ энергетика және байланыс ғылыми-зерттеу жобалау институты» ЖШС. Кешенде спорттық және көркем гимнастика, батуттық гимнастика мен спорттық аэробика, спорттық акробатикаға арналған залдар жоспарланған. Сонымен қатар, әмбебап жарыс залы, хореография мен балалар гимнастикасына арналған бөлмелер, медициналық-оңалту орталығы, әкімшілік үй-жайлар мен жатақхана қарастырылған.
Жобалық құжаттамаға сәйкес, бұл орталықта негізгі және жасөспірім санатындағы 670-тен астам спортшыны дайындау мүмкіндігі бар. Жаңа кешен Алматыда гимнастика спортын дамытуға, түрлі деңгейдегі жарыстар өткізуге және спортшылардың кәсіби шеберлігін арттыруға жағдай жасайды.
Дереккөз: gov.kz


