Білім мен еңбекке сүйенген елдің болашағы берік

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 28 қазандағы Қазақстан халқына Жолдауында айтылған білім, технология және кәсіпкерлік туралы ойлар біздің саланың жауапкершілігін де айқындайды. Баспа басшысы ретінде бұл міндеттерді өз жұмысымызбен байланыстырамын. Біз білім мазмұнының сапасына, оқырманға ұсынған өнімімізге, кәсіби ортамыздың дамуына жауап береміз. Елдің алға басуына осы еңбегімізбен үлес қосамыз.
Мемлекет басшысының «Қазіргі заманның басты қуаты – білім мен ғылымда, озық инновацияларда» деген тұжырымын қолдаймын. Елдің бәсекеге қабілеті білімді адамның еңбегімен қалыптасады. Технологияны меңгеретін де, тың шешім ұсынатын да, өндірісті жетілдіретін де ол білікті маман.
Баспа саласында білімнің құнын жақсы сезінеміз. Оқырман кітаптан сенімді ақпарат, түсінікті жауап іздейді. Оның сол сенімін ақтау — біздің міндетіміз.
«Arman-PV» баспасының 24 жылдық тәжірибесі осы ұстанымды бекітті. Оқырманның сұранысы өзгереді, ақпаратты қабылдау тәсілі түрленеді. Біз де осы өзгерістермен бірге өсеміз. Қағаз басылым мен цифрлық мүмкіндіктерді оқушы мен мұғалімнің қажетіне сай ұштастырамыз. Жұмысымыздың нәтижесін өнімнің қолданыстағы пайдасынан көреміз.
Президенттің «Жалпы, әр өзгеріс мұғалімнің жұмысын жеңілдетуге, оның қызметіндегі артық жүктемені азайтуға бағытталуы керек» деген сөзі білім саласындағы бәрімізге ортақ бағдар береді. Ұстаздың уақыты мен күш-жігері баланың білім алуына жұмсалғанда, өзгерістің нәтижесі сабақтан көрінеді емес пе? Біз осы іске өз тарапымыздан қатысамыз. Мұғалімнің тәжірибесіне құлақ асып, оқу материалының түсініктілігі мен қолайлылығына мән беріп келеміз. Ұстаздан түскен пікірді өнімді жетілдіруге пайдаланамыз. Өйткені күнделікті сабақта не көмектесетінін, қандай тұста қиындық туатынын сол жұмыстың ішінде жүрген адам жақсы біледі. Цифрлық ресурстарға да осы көзқараспен қараймыз. Технологияның құндылығы адамның жұмысын жеңілдеткенінен байқалады. Біз Ekitap.kz платформасының дамуына да осындай өлшеммен қараймыз.
Кәсіпкерлікке қатысты Президент «Құжатта кәсіпорындарды ұзақмерзімді қаржыландыру әрі технологиялық тұрғыдан жаңғырту тетіктері көрсетілуі қажет» деп атап өтті. Орта бизнесті дамыту жоспарына қатысты бұл тапсырманың маңызын кәсіпкер ретінде түсінемін. Өсуге бағыт алған компания бірнеше жыл алға жоспар құрады, қаржы салады, міндеттеме алады.
Баспа ісінде де ұзақмерзімді көзқарас шешуші рөл атқарады. Білікті маман, жинақталған тәжірибе, авторлармен қалыптасқан сенім бұлар кәсіпорынның негізгі тірегі. Мемлекеттік қолдауды да кәсіпорынның өсуіне жол ашатын мүмкіндік деп қабылдаймын. Оған бизнестің жауабы нақты жұмыстан көрінеді: сапалы өнім, тұрақты еңбек ұжымы, орындалған міндеттеме. Кәсіпкердің беделі негізі осылар арқылы қалыптасады.
Жолдаудағы «Отаншыл болу – заңды құрметтеу, тәртіпке бағыну, ел игілігі үшін табанды еңбек ету деген сөз» деген пікір менің ұстанымыма жақын. Елге қызмет етудің мәнін өз ісіңе адалдықтан көремін. Біз автор еңбегін е құрметпен қарап, барынша мамандарымызға тұрақты қолдау көрсетеміз және оқырман алдындағы жауапкершілігімізді сақтаймыз. Біз бүгін ұсынған мазмұн баланың дүниетанымы мен біліміне ықпал ететінін түсініп отырмыз. Сондықтан баспаның әр қадамын сапамен, сеніммен және ұзақмерзімді мақсатпен байланыстырамыз. Елдің зияткерлік әлеуетіне қосатын үлесіміз — осы.
Дидара АЛИНА,
«Arman-PV» баспасының бас директоры


