Үй қауіпсіздігі: суық түспей тексерілетін бес маңызды талап
Күзде және қыста жылу маусымы басталған кезде тұрғын үйлерде өрт шығу қаупі көбейеді. Пеш жағу, электр жылытқыштарын қолдану электр желілеріне қосымша жүктеме түсіреді. Сондықтан өрт қауіпсіздігіне айрықша көңіл бөлу қажет.
Қазақстан Төтенше жағдайлар министрлігі (ТЖМ) тұрғындарға жылыту жабдықтарын қауіпсіз пайдалану ережелерін түсіндіру мақсатында профилактикалық шаралар жүргізіп келеді. Құтқарушылар суық түспей тұрып үйдегі бес негізгі қауіпсіздік элементін мұқият тексеруге кеңес береді.
Пеш пен түтін мұржасының жағдайы
Жылыту маусымы басталар алдында пештің жарамдылығын тексеріңіз. Пештің есігі дұрыс жабылуы, жарық пен ақауы болмауы керек. Пеш алдындағы еденде металл төсем және өртке қарсы оқшаулау міндетті. Пешті шамадан тыс қыздыруға, ақауымен қолдануға және от жанып жатқанда қараусыз қалдыруға болмайды. Пеш жағуды балаларға тапсыруға тыйым салынады.
Түтін мұржасын күйеден уақтылы тазартып, жарықтар мен зақымдардың бар-жоғын қараңыз. Ақауларды жөндемейінше пайдалануға болмайды. Пештің жапқышын пештегі отын толық жанып біткенше жаппаңыз.
Электр сымдары мен жылытқыштардың қауіпсіздігі
Қосымша электр құрылғылары желіге артық салмақ түсіруі мүмкін. Сондықтан электр сымдары, розеткалар, ажыратқыштар мен ұзартқыштардың жағдайын тексеріп, зақымдалғандарын ауыстырыңыз. Бір розеткаға бірнеше қуатты құрылғыны қосуға болмайды. Егер сым немесе розетка қызса, құрылғыны ажыратып, маманға жүгініңіз.
Электр жылытқыштарын жиһаздан, пердеден, киімнен және басқа жанғыш заттардан алыс қойыңыз. Жұмыс істеп тұрған құрылғылардың бетін жабуға және ақауы бар жылытқыштарды қолдануға болмайды. Жылытқыштарды қараусыз қалдырмаңыз.
Иіс газын анықтайтын датчик орнату
Иіс газы түссіз әрі иіссіз болғандықтан, оны тек арнайы датчик арқылы анықтауға болады. Автономды датчик газ қауіпті деңгейге жеткенде дереу хабарлайды. Оның жұмысын үнемі тексеріп, қуат көзін уақытылы ауыстыру қажет.
Жылу маусымы басталғалы бері ТЖМ шамамен 13 мың иіс газын анықтайтын датчик орнатты. Егер датчик іске қосылса, адамдарды таза ауаға шығарып, қауіпті үй-жайдан дереу кету керек. Қауіп толық жойылмайынша үйге қайта оралуға болмайды. Шұғыл қызметтерге 101 немесе 112 нөміріне хабарласу қажет.
Төтенше жағдайлардың алдын алу шаралары
ТЖМ тұрғындарды үйлерін жылыту маусымына алдын ала дайындап, өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға шақырады. Сіріңке мен от тұтататын құралдарды балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау, ашық от көздері мен электр жылытқыштарын қараусыз қалдырмау басты талап.
Пеш, түтін мұржасы, электр сымдары, жылытқыш және иіс газын анықтайтын датчик – үйдегі қауіпсіздіктің негізгі бес элементі. Жабдықтарды уақытында қарап, қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтау өрттің алдын алып, жақындарыңыздың өмірі мен денсаулығын қорғауға көмектеседі.
Дереккөз: gov.kz



