Білім

Оқу-ағарту министрі БҰҰ өкілімен балалардың құқықтарын қорғау мәселесін талқылады

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Қазақстанда балалардың құқықтарын қорғау және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған реформалар жөнінде БҰҰ Бас хатшысының балаларға қатысты зорлық-зомбылық мәселелері жөніндегі арнайы өкілі Наджат Маалла Мджидпен кездесті. Бұл кездесу елде жүзеге асырылып жатқан заңнамалық және институционалдық өзгерістер аясында өтті.

Кездесуге Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева, БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) және Оқу-ағарту министрлігінің өкілдері қатысты. Жұлдыз Сүлейменова балалардың құқықтарын қорғау саласындағы ұлттық жүйедегі маңызды өзгерістерді және 2026–2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасының негізгі бағыттарын таныстырды.

Балаларды қорғау инфрақұрылымын дамыту басты назарда болды. Кездесу барысында өңірлік бала құқықтарын қорғау басқармаларын құру, қорғаншылық және қамқоршылық органдарының, психологиялық қолдау орталықтарының жұмысын жетілдіру, көмекке мұқтаж балаларды ерте анықтау және тиісті қызметтердің өзара әрекеттестігін күшейту мәселелері қаралды.

Сонымен қатар, зорлық-зомбылық пен буллингтің алдын алу, білім беру ұйымдарындағы психологиялық қауіпсіздікті арттыру және балалардың «111» байланыс орталығы арқылы көмекке жүгіну мүмкіндіктерін кеңейту шаралары талқыланды.

Дереккөз: gov.kz

Басқа жаңалықтар

Back to top button