Басты жаңалықтар

Астанада Шымкенттің креативті жәрмеңкесі Qazaq Creative Hub-та өтіп жатыр

Астанадағы Qazaq Creative Hub орталығында Шымкенттің креативті жәрмеңкесі жұмысын бастады. Бұл шараны Креативті индустрияларды дамыту қоры Creative Aimaq жобасы аясында ұйымдастырды. Екі күнге жоспарланған жәрмеңкеде қолөнершілер, дизайнерлер, өнер адамдары және технологиялық жобалардың авторлары қатысып жатыр.

Жәрмеңкенің ашылуында «Қаратау» музыкалық ансамблі өнер көрсетіп, Шымкенттің мәдени дәстүрлері таныстырылды. Алғашқы күннің басты оқиғаларының бірі – Жұмат Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театры дайындаған «О, қала!» әдеби-музыкалық қойылымы болды. Сонымен қатар, шымкенттік шеберлердің ұлттық киімдері, әшекейлері, кілемдері, киіз және ағаш бұйымдары, керамикасы көрмеге шықты.

Жәрмеңкеге келгендер қолөнершілермен танысып, бұйымдарды сатып ала алады әрі дәстүрлі қолөнердің қыр-сырын біле алады. Сондай-ақ, технологиялық жобалар да назарға ұсынылды. Олардың ішінде алақан арқылы биометриялық төлем жасауға арналған Alaqan жүйесі, жасанды интеллект негізіндегі Qalam AI ақылды қаламы және ауыл шаруашылығына арналған QazTracker цифрлық шешімі бар. «САҚ» киностудиясы да өз жобаларын таныстырды.

Республика күніне орай жәрмеңке екінші күнін өткізеді. Бұл күні ұлттық анимация, театр, музыка мен дәстүрлі қолөнерге басымдық беріледі. Қонақтар «САҚ» киностудиясының мультсериалдары мен фильмдерін тамашалай алады. Сондай-ақ «Қаратау» ансамблі мен театр қойылымдары қайта сахналанады. Бұдан бөлек, ұлттық әшекей жасау, киіз басу, құрақ көрпе тігу бойынша шеберлік сабақтары жоспарланған. Қатысушылар дәстүрлі қолөнер әдістерімен танысып, өз қолдарымен бұйым жасауға мүмкіндік алады.

Creative Aimaq жобасы өңірлік брендтерді дамытуға, креативті кәсіпкерлерді қолдауға және өнімдердің нарығын кеңейтуге бағытталған. Жәрмеңке шеберлер мен дизайнерлерге өз туындыларын астаналықтарға таныстырып, жаңа клиенттер табуға жол ашады. Іс-шара Qazaq Creative Hub орталығында, Жошы хан көшесі, 16/2 мекенжайында өтеді.

Дереккөз: gov.kz

Басқа жаңалықтар

Back to top button