Қазақстан мен NVIDIA: Physical AI дамытуда жаңа кезең басталды
Дүниежүзіндегі нарықтық құны ең жоғары компанияның негізін қалаушы Дженсен Хуанг пен Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев елдің энергетикалық әлеуеті, өнеркәсібі мен есептеу қуаттарын жаңа буын экономикасына тиімді пайдаланудың жолдарын талқылады.
Physical AI саласындағы стратегиялық мақсаттар
Қазақстан нақты әлемдегі роботтар, автономды көліктер және өндірістік процестерді басқаратын жасанды интеллект – Physical AI саласында әлемдік орталықтардың біріне айналуды көздеп отыр. Бұл бағыттағы ынтымақтастықтың негізгі мәселелері Хуанг пен Мәдиевтің alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығындағы кездесуінде талқыланды. Тараптар жасанды интеллекттің әлемдік экономиканы өзгерту жолдарын, Қазақстанға қажетті технологиялық даму бағыттарын және халықаралық деңгейдегі компаниялар құру жолдарын сөз етті.
Дженсен Хуанг өз сөзінде: «Қазақстан жасанды интеллектті дамытуды ұлттық басымдық ретінде белгілеген алғашқы елдердің бірі. ЖИ елдің жаңа деңгейге көтерілуіне, жаһандық нарықта бәсекеге қабілетті компаниялар қалыптастыруға көмектеседі. Бұл үшін айқын мақсат пен көшбасшылық қажет», – деді.
NVIDIA мен Қазақстанның әріптестігі
Дженсен Хуанг – әлемдік жасанды интеллект индустриясының дамуына тікелей әсер ететін тұлғалардың қатарында. 33 жыл бойы NVIDIA компаниясын басқарып, оны жасанды интеллектке арналған есептеу инфрақұрылымының негізгі жеткізушісіне айналдырды. Компания тарихта алғаш рет нарықтық капитализациясы 5 триллион АҚШ долларынан асты. NVIDIA чиптері ChatGPT және ірі бұлттық платформаларда қолданылады.
Осындай деңгейдегі сапар Қазақстанның жасанды интеллект технологияларын тек тұтынушы емес, жаһандық жасанды интеллект экономикасының толыққанды қатысушысы ретінде дамытатынын көрсетеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылға дейін елді толық цифрлық мемлекетке айналдыруды тапсырды. 2026 жыл – Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жарияланды.
Physical AI және инфрақұрылымдық даму
Қазақстанда Alem.Cloud ұлттық суперкомпьютері, AI-Farabium есептеу кешені жұмыс істейді. Екібастұзда жалпы қуаты 300 МВт болатын Data Center Valley деректер орталықтары дамып жатыр. Алдағы уақытта жасанды интеллект кластерінің қуатын 5 ГВт-қа дейін жеткізу көзделуде. Қазақстан өз тілін және мәдени деректерін қамтитын ұлттық тілдік модельдер әзірлеуді де қолға алды.
Physical AI – жасанды интеллект дамуының жаңа кезеңі. Ол нақты физикалық ортада – робототехникада, автономды көліктерде, интеллектуалды өндірісте қолданылады. NVIDIA тәсілінде кәсіпорынның цифрлық егізі арқылы өндірістік процестерді виртуалды ортада модельдеу мүмкіндігі бар.
Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері
Тау-кен, металлургия, энергетика және көлік инфрақұрылымы Physical AI технологияларын сынақтан өткізуге қолайлы алаңға айналуда. Осы саладағы халықаралық әзірлеушілерді елге тарту және инфрақұрылым, өндірістік деректер мен инженерлік кадрларды шоғырландыру – Қазақстанды жетекші орталыққа айналдыруға жол ашады.
Physical AI тек робототехникамен шектелмейді. Ол сейсмикалық зерттеулер, геология, материалтану және химиялық өңдеу процестерін түбегейлі өзгертеді. Елдің талантты инженерлері мен компаниялары халықаралық деңгейге шығуға мүмкіндік алады.
Дереккөз: gov.kz



