Экономика

2028 жылы энергоресурстардың 80%-ы цифрлық бақылауға өтеді

Энергетика министрлігі Digital Qazaqstan стратегиясын жүзеге асыру мақсатында жанар-жағармай материалдарын өткізу орындарының жұмысымен танысты. Бұл шараға Энергетика вице-министрі Бақытжан Ілияс, Қазақстанның отын қауымдастығы және «Ақпараттық-есепке алу орталығы» АҚ өкілдері қатысты.

Қатысушылар автожанармай құю станциясы мен мұнай базасында мұнай өнімдерін өлшеу және есепке алудың қазіргі жүйелерімен, сондай-ақ өнімді қабылдау, сақтау және босату үдерістерімен танысты. Жиында есепке алу деректерінің дұрыстығын қамтамасыз ету, ақпараттық жүйелерді біріктіру және мұнай өнімдерінің айналымын цифрлық түрде бақылау мәселелері талқыланды.

2028 жылға дейінгі мақсатты көрсеткіштер

Digital Qazaqstan стратегиясы энергетикалық ресурстар қозғалысын толық цифрлық қадағалауға бағытталған. Жоспарға сәйкес, 2026 жылы ресурстардың 20 пайызы, 2027 жылы 60 пайызы, ал 2028 жылы 80 пайызы цифрлық бақылау жүйесімен қамтылады.

Бірыңғай цифрлық есепке алу жүйесінің тиімділігі

Мұнай мен мұнай өнімдерінің ұңғымадан бастап автожанармай құю станциясына дейінгі қозғалысын бірыңғай цифрлық есепке алу жүйесі арқылы бақылау көзделген. Бұл деректердің сәйкестігін қамтамасыз етуге, алшақтықтарды дер кезінде анықтауға, ресурстардың жоғалуын азайтуға және айналымның ашықтығын арттыруға ықпал етеді.

Салалық жүйелерді интеграциялау жалғасады

Энергетика министрлігі мұнай өнімдерін есепке алу мен бақылаудың бірыңғай цифрлық жүйесін құру, салалық ақпараттық жүйелерді біріктіру және заманауи аналитикалық құралдарды енгізу бойынша жүйелі жұмысты жалғастырады. Бұл шаралар мемлекеттік басқарудың тиімділігі мен отын-энергетика кешенінің ашықтығын арттыруға бағытталған.

Дереккөз: gov.kz

Басқа жаңалықтар

Back to top button