«Ата-анаңның үйін тексер» акциясы аясында мыңдаған үйге қауіпсіздік шаралары жүргізілді
Төтенше жағдайлар министрлігінің «Ата-анаңның үйін тексер» республикалық акциясы қызу жүргізіліп жатыр. Бұл шара аға буын өкілдерінің жылыту кезеңіндегі қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Акцияны танымал спортшылар, әртістер, блогерлер мен қоғам қайраткерлері қолдап, халыққа үндеу жолдауда.
Үйлерді аралау және практикалық көмек
Құтқарушылар тұрғын үйлерді аралап, өрт қауіпсіздігі бойынша кеңес беріп, практикалық көмек көрсетуде. Олар жылыту жабдықтарын, мұржаларды, электр сымдары мен газ құрылғыларын тексерудің маңызын түсіндіреді. Әкімдіктер мен волонтерлердің қатысуымен әлеуметтік осал топқа жататын азаматтардың 1 700-ден астам үйіндегі пешпен жылыту жүйесі жөнделді. Сондай-ақ 1 800-ден астам үйде электрмен жабдықтау жүйесі қалпына келтірілді. 3 мыңнан астам үйдің мұржасы тазартылып, 11 мыңнан астам қауіпсіздік датчигі орнатылды.
Акцияға қоғам өкілдері белсенді қатысуда
Шараға танымал әншілер, музыканттар, спортшылар мен блогерлер белсенді атсалысуда. Олар әлеуметтік желілер мен бейнероликтер арқылы өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау қажеттігін айтып, халықты жақындарына қамқор болуға шақыруда. Профилактикалық жұмысқа жергілікті билік, кәсіпкерлер, қоғам белсенділері мен өңір тұрғындары да үлес қосып отыр.
Акцияның басты үндеуі
Акцияның негізгі мақсаты – ата-ана мен қарттардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге назар аудару. Танымал тұлғалар бастаманы қолдап, өрт қауіпсіздігі мәселесіне қоғам назарын аударуға ықпал етуде. ТЖМ азаматтарды ата-анасының үйіне барып, өрт қауіпсіздігін тексеруге, өз үлгісін әлеуметтік желіде бөлісуге және қамқорлық эстафетасын жалғастыруға шақырады.
Дереккөз: gov.kz



