Экономика

Қазақстанда алма өндірісі артып, «Апорт» сортын қайта дамыту жалғасуда

Елімізде алма шаруашылығын дамытуға басымдық беріліп, жеміс өндірісі көлемін арттыру мен азық-түлік қауіпсіздігін нығайту бағытында жұмыстар тұрақты жалғасуда. Алма бақтарының аумағын кеңейту, өнімді сақтау мен өңдеуді жетілдіру және қазақ бағбандығының мақтанышы саналатын «Апорт» сортын қайта жаңғыртуға ерекше көңіл бөлініп отыр.

Алма бақтарының аумағы және өнім көлемі артып келеді

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2023 жылы Қазақстандағы алма бақтарының жалпы көлемі 26,2 мың гектарға жетті. Былтыр 205,2 мың тонна алма жиналып, әр гектардан орта есеппен 83,9 центнер өнім алынды. Алма бақтарының негізгі бөлігі Түркістан облысында – 13,4 мың гектар, Алматы облысында – 6,3 мың гектар, Жетісу облысында – 3 мың гектар, ал Жамбыл облысында – 1,4 мың гектар жерге орналасқан.

Қазіргі уақытта ішкі нарықтағы алмаға сұраныстың 74%-ын отандық шаруашылықтар қамтамасыз етеді. Өндіріс көлемін арттыру импортқа тәуелділікті төмендетіп, халықты жергілікті өніммен тұрақты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Мемлекеттік қолдау және субсидиялау шаралары

Ауыл шаруашылығы өндірушілеріне қолдау көрсету мақсатында мемлекет бірнеше субсидия түрін ұсынады. Атап айтқанда:

  • Минералдық тыңайтқыштар мен пестицидтерге кеткен шығынның 60%-на дейін;
  • Көшет сатып алу шығындарының 50%-на дейін;
  • Суару суына жұмсалған шығынның 85%-на дейін мемлекет тарапынан өтеледі.

Инвестициялық субсидиялау аясында:

  • Ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу шығынының 30%-на дейін;
  • Суару жүйелерін салу және кеңейту шығынының 80%-на дейін;
  • Кемінде 5 гектарға қарқынды алма бағы үшін кеткен шығынның 40%-на дейін;
  • Сыйымдылығы 1 000 тоннадан асатын жеміс сақтау қоймасы шығынының 40%-на дейін өтеледі.

«Апорт» алма сортын қайта жаңғырту жұмыстары

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, «Апорт» алмасының өндірістік әлеуетін қалпына келтіру жұмыстары жалғасып жатыр. Бұл міндетті «Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының» Талғар өңірлік филиалы атқарады. 2023 жылы 2 080 көшет өсіріліп, 10 гектарға «Апорт» алма бағы отырғызылды. Биыл да көшет өсіру, аналық ағаштарды күтіп-баптау және жаңа бақтарды агротехникалық талаптарға сай ұстау бойынша кешенді шаралар жүргізілді.

Болашақта «Апорт» сортының көшеттерін көбейту, өндіріс көлемін арттыру, аналық және қалемше алынатын бақтарды дамыту, Сиверс алмасынан телітуші көшеттер өсіру, біржылдық стандартты көшет технологияларын жетілдіру жоспарланған. Сондай-ақ, фермерлерді сапалы отырғызу материалымен қамтамасыз ету және ғылыми негіздерді жетілдіру бағытында жұмыстар жалғасады.

Алма өнімдерін өңдеу және сала дамуы

Алма шаруашылығының өркендеуі өнімді өңдеу саласының ілгерілеуіне де әсер етуде. 2025 жылы Қазақстанда 19,6 млн литр алма шырыны өндірілсе, 2026 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында 12,6 млн литр өнім шығарылған.

Жалпы, алма шаруашылығын дамыту көшет өсіруден бастап, бақ отырғызу, өнім жинау, сақтау және өңдеуге дейінгі барлық кезеңді қамтиды. Мемлекеттік қолдау, жаңа технологияларды енгізу және генетикалық қорды сақтау – саланың тұрақты дамуының негізі.

Ұлттық мұраны сақтау және болашаққа аманаттау

«Апорт» сортын қайта жаңғырту – ауыл шаруашылығын дамыту ғана емес, ұлттық мұраны сақтау ісі. Ғылыми зерттеулер мен заманауи агротехнологияларды бағбандық дәстүрімен ұштастыру арқасында Қазақстанда «Апорт» алмасының өсірілу аумағы кеңейіп, келер ұрпаққа аманат етуге мүмкіндік тумақ.

Дереккөз: gov.kz

Басқа жаңалықтар

Back to top button