Экономика

Цифрлық технологиялар ауыл шаруашылығында: Қазақстандағы жаңа кезең

Қазақстан агроөнеркәсіптік кешенін цифрландырудың жаңа сатысына өтті. Жерсеріктер пайдаланылмай жатқан жерлерді анықтауға көмектесе бастады, ал цифрлық платформалар мемлекеттік қолдау алу үдерісін жеңілдетуде. Бұдан бөлек, жасанды интеллект өндірісті дәлірек жоспарлауға мүмкіндік береді. Енді деректер агросаладағы ресурстарды басқарудың, өндірістік процестерді бақылаудың және жалпы тиімділікті арттырудың негізгі құралына айналды.

Цифрлық платформалар мемлекеттік қызметтерді оңтайландыруда

Ауыл шаруашылығында мемлекеттік қызметтерді электронды форматқа көшіру негізгі бағыттардың бірі саналады. Ауыл шаруашылығы вице-министрі Таласбек Қанафиннің мәліметінше, ведомство қызметтерінің 94 пайызы онлайн түрде қолжетімді. Gosagro.kz платформасы арқылы мемлекеттік қолдаудың 20 бағыты бойынша өтінім беруге болады. Қазіргі уақытта платформада 200 мыңнан астам пайдаланушы тіркелген. Платформаға көшу фермерлерге 1 миллиард теңгеден асатын қаражатты үнемдеуге мүмкіндік берді.

Электрондық кезек пен автоматтандырылған тексеру рәсімдердің ашықтығын арттырады. Дегенмен, құжаттарды қайталап тапсыру секілді бюрократиялық кедергілер әлі де кездеседі. Сондықтан келесі кезеңде ақпараттық жүйелерді біріктіріп, деректерді автоматты түрде алмасу қажет. Бұл өтінімдерді жылдам қарауға және мемлекеттік қолдауды тиімді бөлуге жол ашады.

Жерсеріктер арқылы жер пайдалануды бақылау

Жер ресурстарын тиімді басқару үшін цифрлық мониторинг маңызды рөл атқарады. 2026 жылға дейін JerInSpectr жүйесі арқылы 8,3 миллион гектар жерді қамтитын 18 мыңнан астам карточка жасалған. Оның ішінде 9 132 карточка жайылымға, 8 951-і егістікке қатысты. Мониторинг 17 облыстың 188 ауданында жүргізілді.

Жерсеріктік суреттер учаскелерді тікелей тексермей-ақ, кең аумақтарды бақылауға мүмкіндік береді. Бұл шешімдер жерді пайдалану тиімділігін бағалауға және қажетті шараларды уақтылы қабылдауға жағдай жасайды. Алайда, толыққанды талдау үшін маусымдық факторлар мен жердің нақты жағдайын ескеру қажет.

Мал және өсімдік шаруашылығында цифрландыру

Мал шаруашылығында цифрландыру жануарларды есепке алу мен олардың қозғалысын бақылауды жеңілдетті. Ақпараттық жүйеде 39,6 миллионға жуық мал тіркелген. Сондай-ақ, TortTulik мобильді қосымшасы және жасанды интеллект негізіндегі көмекші әзірленуде. Балық шаруашылығында eFish, ал өсімдік шаруашылығында өнім қадағалау жүйесі (ИСПР) енгізілуде. Бұл шешімдер деректердің нақтылығын арттырып, өндірістік процестердің ашықтығын қамтамасыз етеді.

Болашақта өнімнің қозғалысын бүкіл өндірістік тізбек бойымен бақылау қазақстандық тауарлардың халықаралық нарықтарда бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге септігін тигізеді.

Смарт-фермалар мен жаңа технологиялар

Цифрлық технологиялар тікелей шаруашылықтардың өзінде де қолданылып отыр. Топырақ ылғалдылығын өлшейтін датчиктер, метеостанциялар, ұшқышсыз аппараттар егістіктің жай-күйін бақылауға және тәуекелдерді анықтауға көмектеседі. Дәлме-дәл егіншілік су, тыңайтқыш және қорғаныс құралдарын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Мал шаруашылығында роботтандырылған жүйелер мен мониторинг құралдары енгізілуде.

Мұндай технологияларды енгізу үшін инвестиция, заманауи инфрақұрылым және білікті мамандар қажет. Қазіргі таңда ірі агрохолдингтермен қатар, шағын шаруашылықтар да жаңа шешімдерді кеңінен пайдалануда.

Digital Agro Platform: деректерді біріктіру жолы

Келесі кезеңдегі маңызды қадам — Digital Agro Platform және Smart Data Agro талдамалық қоймасын дамыту. Бұл жүйелер мемлекеттік деректерді біріктіріп, кешенді талдау жүргізуге мүмкіндік береді. Жер, мал, мемлекеттік қолдау, өндіріс туралы мәліметтерді салыстыру шаруалардың қажеттілігін анықтауды және мемлекеттік саясатты жетілдіруді жеңілдетеді.

Ауыл шаруашылығын цифрлық трансформациялау — саланы деректерге негізделген басқару жүйесіне көшіру. Мұндай тәсіл тиімді шешім қабылдауға, ресурстарды оңтайлы пайдалануға және саланың тұрақты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған.

Дереккөз: gov.kz

Басқа жаңалықтар

Back to top button