Қоғам

ИКАО Бас хатшысы Қазақстанға және Орталық Азияға алғаш рет ресми сапармен келді

Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) Бас хатшысы Хуан Карлос Саласар жұбайы Кардона ханыммен бірге Астанаға алғаш рет ресми сапармен келді. Оны әуежайда Қазақстан Республикасы Көлік вице-министрі Талғат Ластаев қарсы алды. Бұл сапар ИКАО Бас хатшысының Орталық Азия елдеріне жасаған алғашқы ресми сапары болып отыр.

Авиациялық қауіпсіздік апталығы өтеді

Сапар аясында Хуан Карлос Саласар Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің қолдауымен 20–22 қазан аралығында Астанада өтетін ИКАО-ның Авиациялық қауіпсіздік апталығына (ICAO Security Week 2026) қатысады. Қазақстан осындай халықаралық деңгейдегі авиациялық шараны алғаш рет қабылдап отыр. Бұл басқосуға авиациялық билік органдарының жетекшілері, халықаралық ұйымдар, әуе компаниялары мен әуежайлардың өкілдері, сондай-ақ сала сарапшылары қатысады.

Қазақстан авиациясындағы жетістіктер мойындалды

ИКАО Бас хатшысының ресми сапары және Авиациялық қауіпсіздік апталығының Қазақстанда өтуі – халықаралық авиация қауымдастығының елімізге сенімінің артқанын және Қазақстанның авиациялық қауіпсіздік саласындағы жетістіктері мойындалғанын көрсетеді. Бұл шара ғаламдық авиациялық қауіпсіздік жүйесін жетілдіруге және заманауи қауіп-қатерлерге қарсы ортақ шешімдер әзірлеуге серпін береді деп күтіледі.

ИКАО және Қазақстан арасындағы ынтымақтастық

ИКАО – Біріккен Ұлттар Ұйымының мамандандырылған агенттігі. Ұйымға 193 мемлекет мүше. ИКАО азаматтық авиация саласында халықаралық стандарттар мен тәжірибелерді әзірлейді. Қазақстан 1992 жылдан бері ИКАО мүшесі. 2024 жылы Қазақстан Орталық Азия елдері ішінде алғаш болып Монреаль қаласында ИКАО жанынан Тұрақты өкілдігін ашты. Хуан Карлос Саласар 2021 жылдың тамызынан бері ИКАО Бас хатшысы қызметін атқарып келеді, 2024 жылы екінші мерзімге қайта сайланды.

Дереккөз: gov.kz

Басқа жаңалықтар

Back to top button