Қоғам

Көкшетауда есірткі сатқан күдіктіден 2,5 келіден астам тыйым салынған зат табылды

Көкшетау қаласында есірткі саудасына қатысы бар деген күдікпен 28 жастағы азамат қолға түсті. Полицейлер күдіктіден 2,5 келіден астам тыйым салынған заттарды тапты.

Күдіктінің әрекеті қалай әшкереленді

Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының мамандары жүргізген жедел-іздестіру кезінде Петропавл тұрғынының есірткі таратуға қатысы бары анықталған. Тергеу барысында күдікті тамыз айында Көкшетауға есірткі тарату мақсатында келгені белгілі болды. Бұған дейін ол Петропавлда және кейін Қостанай мен Көкшетау қалаларында да осындай қылмыспен айналысқан.

Ол Көкшетаудан пәтер жалдап, есірткіні сақтауға және дозаға бөліп, арнайы орап, қаладағы жасырын орындарға қалдырған. Алдын ала мәлімет бойынша, ол күніне 100-200 орама дайындап отырған. Заңсыз қызметі үшін төлемді криптовалюта арқылы алып келген.

Тәркіленген есірткі көлемі мен түрі

Полиция қызметкерлері күдіктінің тұрғылықты жерін тінту кезінде:

  • 320 грамм марихуана,
  • 370,83 грамм гашиш майы,
  • 787,07 грамм гашиш,
  • альфа-PVP психотроптық заты бар 141 пакет және екі полиэтилен орамасы (жалпы салмағы 1 келіден асады) тапқан.

Қылмыстық іс бойынша тергеу жалғасуда

Қазіргі уақытта бұл дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Заңнамаға сай, оған 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Дереккөз: gov.kz

Басқа жаңалықтар

Back to top button