Экономика

Дүниежүзілік нан күні: Қазақстан астықтың өндіруші және нан өңдеудің лидері

16 қазан – Дүниежүзілік нан күні. Нан – дастарқанның берекесі, еңбектің өтеуі, ырыс пен молшылықтың символы. Бұл күн адамзат үшін айрықша маңызы бар азық-түлік өнімінің қадірін ұғындырумен қатар, дәнді алқаптан дайын өнімге дейінгі үдерісінде еңбек адамдарының қызметін дәріптейді. Астықты өндіру алқабы мен егіншілік дәстүрі қалыптасқан Қазақстан үшін нан өндірісі агроөнеркәсіптік кешеннің маңызды бағыттарының бірі.

Астық өндірісінің өсімі

Қазақстанның астық әлеуеті жыл сайын артып келеді. Ағымдағы жылы елімізде дәнді және бұршақ дақылдарының жалпы түсімі 24 млн тоннаға жетуі күтіліп отыр. Бұл соңғы 15 жылдағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі.

Астық өндірісінің артуы экспорттық мүмкіндіктерді кеңейтіп отыр. 2025–2026 маркетингтік маусымда Қазақстан 16 млн тонна астық пен ұнды астық баламасында экспорттауын есепке алса, отандық өнімге Өзбекстан, Тәжікстан, Әзербайжан, Ауғанстан, Қытай және Еуропалық одақ елдерінде сұраныс байқалатындығы байқалады.

Нан өндірісінің әлеуеті

Мол астық отандық өңдеу өнеркәсібінің берік негізі. Қазақстанда ұн өндіру көлемі ішкі қажеттіліктен екі есе жоғары, бұл еліміздегі нан пісіру кәсіпорындарын отандық шикізатпен тұрақты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

2026 жылдың қаңтар–тамыз айларында елімізде 325,5 мың тонна нан өндірілді. Жұмыс істеп тұрған нан пісіру кәсіпорындарының жалпы өндірістік қуаты 502 мың тоннаны құрайды. Кәсіпорындар тұтынушылар сұранысына сай өнім түрлерін көбейтіп, күнделікті нан-тоқаш өнімдерімен қатар ұзақ сақталатын және кондитерлік тағамдар өндірісін де дамытып келеді.

Мемлекеттік қолдау шаралары

Өңдеу өнеркәсібінің әлеуетін арттыру үшін мемлекет бірқатар қолдау шаралары қарастырған. Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2021–2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында жылына кемінде 2 мың тонна нан-тоқаш және кондитерлік өнім өндіретін кәсіпорындардың инвестициялық шығындарының 25 пайызы өтеледі.

Сондай-ақ ұн өндірушілерге салықтық қолдау көрсетіледі. Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 490-бабына сәйкес, бұл салада қосылған құн салығы бойынша 80 пайыздық төмендету қарастырылған.

Дүниежүзілік нан күнінің тарихы

Дүниежүзілік нан күні 2006 жылы Халықаралық наубайшылар мен кондитерлер одағының бастамасымен белгіленген. Атаулы күннің 16 қазанға сәйкес келуінің өзі айталықты: дәл осы күні 1945 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы (ФАО) құрылған. Бүгінде бұл ұйым ауыл шаруашылығын дамыту, халықтың құнарлы тағамға қол жетімділігін арттыру және жаһандық азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында қызмет істейді.

Нанның даналарының еңбегі

Нанның дастарқаға келуі – диқанның маңдай терінен, диірменшінің еңбегінен, наубайшының шеберлігінен басталатын үлкен үдеріс. Сондықтан Дүниежүзілік нан күні ел ырысын еселеп жүрген барлық еңбек адамына құрмет білдіретін ерекше күн.

Отандық астық өндірісін дамыту, оны терең өңдеу, кәсіпорындардың әлеуетін арттыру және еңбек адамдарының еңбегін бағалау елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтудың маңызды кепілі болып табылады.

Дереккөз: gov.kz

Басқа жаңалықтар

Back to top button