Қоғам

«Ата-анаңның үйін тексер» акциясы: ТЖМ жақындардың үйін тексеруге шақырады

Төтенше жағдайлар министрлігі (ТЖМ) «Ата-анаңның үйін тексер» республикалық акциясын бастады. Ведомство азаматтарды ата-анасы мен жақындарының үйіне барып, қауіпсіздік жағдайын тексеруге шақырады.

Акция жылыту маусымында неге маңызды

Көпшілік ата-анасына қоңырау шалып, барып тұрады, азық-түлік пен дәрі-дәрмек апарады. Ал үйдің қауіпсіздігі соңғы рет қашан тексерілгені көп жағдайда есте жоқ. Жылыту маусымы басталғанда бұл мәселеге ерекше назар аудару керек.

Қарт адамдар мен жүріп-тұруы қиын жандар қауіп-қатерді өздігінен байқап, ақауды жоя алмауы мүмкін. Әсіресе олар жалғыз тұрса, өрт болған кезде үйден тез шығу қиынға соғады.

Ата-ананың үйінде нені тексеру керек

ТЖМ мына нәрселерді тексеруді ұсынады:

  • сымдардың бүтіндігін, розеткалар мен электр құралдарының қызып кетпегенін;
  • пеш пен жылытқыштардың жарамдылығын, түтін мұржасының тазартылғанын;
  • пеш пен жылытқыштың маңында тұтанатын заттардың жоқтығын;
  • өрт хабарлағышының бар-жоғын және жұмыс істеп тұрғанын;
  • үйден тез шығу үшін есік алдында кедергі келтіретін заттардың жоқтығын.

Ақау анықталса, мамандарды тартып, жөндеу жұмыстарын ұйымдастыруға көмектесу қажет. Жақындарыңызды қауіппен жалғыз қалдырмаңыз.

Азаматтық қорғау органдары қандай көмек көрсетеді

Акция аясында азаматтық қорғау органдарының қызметкерлері жалғыз тұратын қарттарға, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға және көмекке мұқтаж адамдарға профилактикалық сапармен барады.

Қажет болса, тұрғын үйдің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге практикалық көмек беріледі. Бар тәуекелдерді ескере отырып, өрт датчиктерін де орнатады.

Жалғыз тұратын қарт көршіге де көңіл бөліңіз

Көршіңіз жалғыз тұрса, оған көмектесетін басқа адам болмауы мүмкін. Қамқорлық тек «Денсаулығыңыз қалай?» деп сұраумен шектелмейді. Оның үйінде қауіпсіздік талаптары сақталғанына көз жеткізген де маңызды.

ТЖМ мәселені кейінге қалдырмауға шақырады: ата-анаңызбен хабарласып, үйін тексеріңіз. Ата-анаңыз сізді қорғап, қамқор болды, енді сіз де оларды қорғаңыз.

Дереккөз: gov.kz

Басқа жаңалықтар

Back to top button