Өскеменде психотроптық заттардың ірі партиясы тәркіленіп, екі күдікті ұсталды
Өскеменде полицейлер психотроптық заттардың заңсыз айналымына қатысы бар деген күдікпен екі ер адамды ұстады. Тәркіленген психотроптық заттың жалпы салмағы бір келіден асты. Іздестіру интернет арқылы табылған жұмыс ұсынысынан басталды.
ШҚО ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері облыстық прокуратурамен бірлесіп, «Қарасора» және «Паутина» жедел-профилактикалық іс-шаралары аясында күдіктілерді ұстады.
Интернеттегі жұмыс қылмыстық схемаға қалай апарды
Күдіктілердің бірі шілде айында интернет арқылы жұмыс іздеп, ұсыныс алған. Көп ұзамай оның міндеті тыйым салынған заттарды қабылдап, өлшеп, буып-түюге саятыны белгілі болған.
Жұмысы үшін оған ақы криптовалютамен төленген. Кейін бұл қаражатты ол банк шоттары арқылы қолма-қол ақшаға айналдырып отырған.
Тінту кезінде не тәркіленді
Тінту барысында полицейлер мынадай заттарды тәркіледі:
- төрт пластик ыдыс;
- ұнтақ тәрізді зат салынған зип-пакет;
- изолента;
- үш электронды таразы.
Сараптама қорытындысы бойынша, тәркіленген заттан шамамен 800 грамм α-PVP және 334 грамм мефедрон анықталды.
Қылмыстық іс қозғалды, полиция не ескертеді
Осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Полиция интернеттегі «оңай табыс» туралы ұсыныстарға сақ болуға шақырады. Жеңіл ақша тапқысы келген адамдар қылмыстық схемаға тартылып, заң алдында жауап беруі мүмкін. Тыйым салынған заттарды алу, сақтау немесе буып-түю туралы тапсырмаларды орындаудың өзі қылмыстық жауапкершілікке әкелуі ықтимал.
Дереккөз: gov.kz



