Қоғам

Тазалық пен қоғамдық тәртіп: Есіл өзенінің жағалауында профилактикалық рейд өтті

Астана қаласы әкімдігінің ресми сайтындағы хабарға сәйкес, «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бастамасы аясында Есіл өзенінің жағалауында қоғамдық тәртіп пен тазалықты қамтамасыз етуге бағытталған профилактикалық рейд өтті. Іс-шараны Сарыарқа аудандық полиция басқармасы аудан әкімдігі мамандарымен бірлесіп өткізді.

Полиция қызметкерлері көшелерді, аулаларды, қоғамдық кеңістіктер мен демалатын орындарды патрульдеп, құқық бұзушылықтардың алдын алу және тұрғындардың өтініштеріне жедел жауап беру жұмыстарын жүргізді. Жүргізілген шаралар абаттандыру мен тазалықты сақтау, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге бағытталды.

Сарыарқа аудандық полиция басқармасы бастығының орынбасары Асхат Жұмағалиевтің айтуынша, рейд кезінде тұрғындар мен қала қонақтарына санитарлық талаптарды сақтау, қоғамдық орындарды ластамау және қала аумағына ұқыпты қарау туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Арнайы белгіленбеген жерлерге қоқыс тастау, қоғамдық орындарды ластау, темекі шегуге тыйым салынған жерлерде темекі өнімдерін пайдалану және абаттандыру қағидаларын бұзу мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Полиция қызметкерлері әкімшілік құқық бұзушылықтарды анықтаумен қатар алдын алу әңгімелерін өткізіп, ақпараттық жадынамалар таратты және тазалық сақтау әрбір тұрғынның жауапкершілігі екенін еске салды. Мұндай профилактикалық іс-шаралар елорданың алты ауданында да тұрақты түрде өткізіліп, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған.

Дереккөз: gov.kz

Басқа жаңалықтар

Back to top button