Қоғам

Астанадағы Ботаникалық бақта күнделікті профилактикалық рейдтер — тәртіп пен тазалық

Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты хабарлауынша, «Заң мен тәртіп» қағидаты мен «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының аясында Есіл ауданындағы Ботаникалық бақ аумағында әкімдік, полиция және прокуратура өкілдері бірлескен профилактикалық рейдтер өткізді.

Іс-шараның негізгі мақсаты — тұрғындарға қоғамдық орындардағы өзін-өзі ұстау ережелерін еске салу, аумақтың ластануын азайту және заңсыз сауданың жолын кесу болып отыр. Есіл ауданы әкімінің орынбасары Бақытжан Алдауовтың айтуынша, мұндай тексерулер күнделікті өткізіліп, әсіресе Ботаникалық бақ, желілік саябақ пен «Бәйтерек» монументі маңыға ерекше бақылау жасалады.

Демалушыларға бақ ішінде пикник жасауға болмайды және спортпен тек арнайы жабдықталған алаңдарда ғана шұғылдану керектігі түсіндірілді; саябақтың барлық аумағына ескерту белгілері қойылған. Рейд қатысушылары заңсыз саудагерлерден тәтті мақта сатып алу мен балаларға арналған электр көліктерін жалға алудың қауіпті екенін ескертеді: мұндай өнімдер сертификатталмаған және кәсіпкерлер жауапкершілік алмайды.

Бақытжан Алдауов сондай-ақ аккумулятормен жүретін балаларға арналған көліктер аптап ыстықта өрт шығару қаупін тудыруы мүмкін екенін атап көрсетті.

Аудан прокуратурасының өкілдері рейдтердің мақсаты тек құқық бұзушылықтарды анықтау емес, қоғамдық кеңістікке ұқыпты қарауды қалыптастыру екенін айтты. Есіл ауданы прокуратурасы бөлімінің прокуроры Ерасыл Досан тұрғындарға заң талаптары түсіндіріліп, тазалықты сақтау және демалғаннан кейін қоқыс қалдырмау қажеттігі ескертілетінін жеткізді.

Полиция қызметкерлері де профилактикалық жұмыста белсенді. Есіл аудандық полиция басқармасы бастығының орынбасары Қайрат Төлеповтің сөзінше, бірлескен рейдтер жүйелі түрде өткізіліп, басты мақсат — алдын алу және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Рейд кезінде азаматтарға қоғамдық демалыс орындарындағы тәртіп қағидалары түсіндіріліп, заң талаптарын сақтауға шақырылады.

#законипорядок #заңментәртіп

Басқа жаңалықтар

Back to top button