Саясат

Қазақстан Орталық Азия – Еуроодақ диалогында әріптестікті тереңдетуді қолдады

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исетов Саясат және қауіпсіздік мәселелері жөніндегі «Орталық Азия – Еуропалық Одақ» жоғары деңгейдегі диалогының 13-отырысына қатысты. Еуропалық Одақ делегациясын Еуропалық сыртқы іс-қимыл қызметі Бас хатшысының саяси мәселелер жөніндегі орынбасары Олоф Скуг басқарды.

Кездесу барысында өңіраралық ынтымақтастықтың өзекті аспектілері, соның ішінде Еуропалық Одақтың Орталық Азиядағы бағдарламалық қызметі туралы кең пікір алмастырылды. Тараптар «Орталық Азия – Еуропалық Одақ» саммитінің (Самарқанд қ., 2025 жылғы 3-4 сәуір) және «Орталық Азия – Еуропалық Одақ» бірлескен Жол картасының (Люксембург қ., 2023 жылғы 23 қазан) қорытындылары бойынша орындалу барысын, соның ішінде қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты ерекше талқылады және 2026–2027 жылдарға арналған бірлескен халықаралық іс-шаралар кестесін қарастырды.

Арман Исетов өңірдегі жағдай туралы баяндама жасап, Қазақстанның ұлттық және өңірлік деңгейлерде тұрақтылық пен орнықты дамуды қолдау үшін қабылдап жатқан шараларын таныстырды және саясат, экономика мен қауіпсіздік салаларында өңіраралық өзара іс-қимылды кеңейту жөнінде нақты ұсыныстар айтты.

Қатысушылар шекараларды басқару, терроризм мен экстремизмге қарсы күрес, есірткінің заңсыз айналымы сияқты өңірлік қауіптерге ден қою және құқық қорғау органдары арасындағы ведомствоаралық ынтымақтастықты нығайту бағыттарында өзара іс-қимылды тереңдетуге ортақ мүдделілік білдірді.

Іс-шара аясында А. Исетов пен О. Скугтың екіжақты кездесуі өтті, онда Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен болашақ перспективалары талқыланды. Кездесу барысында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылғы 22-23 маусымда Брюссельге жасаған ресми сапары кезінде қол жеткен уағдаластықтарды практикалық іске асыру мәселелері де қаралды.

Брюссельдегі кеңес қорытындысы негізінде тараптар сенім мен тең құқықты әріптестік қағидаттары арқылы Орталық Азия мен Еуропалық Одақ арасындағы ынтымақтастықты әрі қарай нығайтуға деген ортақ бейілділігін растады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button