Қоғам

Астана саябағында кешенді профилактикалық рейд: қауіпсіздік пен тазалыққа назар аударылды

Астана қаласының Сарайшық ауданындағы Президент саябағында профилактикалық рейд өтті. Іс-шара «Заң мен тәртіп» қағидаты мен республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы шеңберінде ұйымдастырылды. Рейдке аудандық полиция басқармасы, төтенше жағдайлар қызметі, әкімдік және прокуратура қызметкерлері қатысты. Бұл туралы Астана әкімдігінің ресми сайты хабарлады.

Рейд барысында бірнеше басым бағытқа назар аударылды: қоғамдық орындарды ластауға жол бермеу, жабдықталмаған жерлерде суға түсу мен заңсыз балық аулауға тыйым салуды бақылау, сондай-ақ өрт қауіпсіздігі мәселелері бойынша тұрғындарға түсінік беру. Сарайшық ауданы әкімінің орынбасары Шұғыла Құдайберген мұндай рейдтердің жағалау аймағында да тұрақты өткізілетінін атап өтті. «Тазалық әрқайсымыздан басталады. Бірлесе отырып қана жайлы қалалық орта қалыптастыра аламыз», — деді ол.

Байдарка иелерінің суда жүзуге рұқсат құжаттарының бар-жоғы да тексерілді. Өзенде катерлер, теплоходтар мен катамарандар қатынайтындықтан, қауіпсіздік талаптарының сақталуы ерекше маңызды деп танылды. Астана қаласы ТЖД Сарайшық ауданы Төтенше жағдайлар басқармасының инженері, азаматтық қорғау капитаны Аманжол Қадырбеков ата-аналарға балаларды су жағасында қараусыз қалдырмауды ескертіп, аптап ыстықта от жақпауға шақырды. Сондай-ақ ол терезелерге қауіпсіздік бекіткіштерін орнату бағдарламасы жалғасып жатқанын мәлімдеді: қала бойынша мыңнан астам құрылғы орнатылған, оның 344-і Сарайшық ауданының үлесіне тиеді, ал аз қамтылған және көпбалалы отбасылар бекіткіштерді тегін алады.

Аудан прокуратурасы бөлімінің прокуроры Әміржан Себжанов рейдтің түпкі мақсаты — құқық бұзушылықтардың алдын алу және тұрғындардың құқықтық сауатын арттыру екенін баса айтты. «Біз азаматтарға заңмен нені істеуге болатынын және нені тыйым салатынын түсіндіріп, әкімшілік құқық бұзушылықтарға жол бермеуге тырысамыз», — деді прокурор.

Басқа жаңалықтар

Back to top button