Астана саябақтарында тәртіп рейдтері: айыппұл 10 АЕК-тен басталады

Астананың Алматы ауданы әкімдігі қызметкерлері мен Алматы аудандық Полиция басқармасының өкілдері Триатлон паркінде бірлескен профилактикалық рейд жүргізді. Іс-шара «Заң мен тәртіп» қағидаты және республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасы шеңберінде өтті. Рейд барысында полиция қызметкерлері демалушыларға тазалықты сақтау және қоғамдық кеңістікке ұқыпты қарау туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
№4 учаскелік полиция пунктінің аға инспекторы, полиция майоры Нұралы Танірбергеновтің мәліметінше, Триатлон паркі тұрақты бақылауда ұсталады: қызметкерлер таңертең, күндіз және кешке патрульдік қызмет атқарады. Ластау фактілері салыстырмалы түрде сирек кездесетінін атап өткен майор, заң бұзушылық анықталған жағдайда алдымен профилактикалық түсіндіру жүргізілетінін, қажет болса әкімшілік материалдар рәсімделетінін хабарлады. ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-2-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қоғамдық орынды коммуналдық қалдықтармен ластағаны үшін 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл немесе 40 сағатқа дейін қоғамдық жұмыс көзделген. Бір жыл ішінде қайталанған бұзушылық үшін жаза 20 АЕК немесе 80 сағат қоғамдық жұмысқа дейін ауырлатылады.
Елорда тұрғыны Бақыт Мейірғазыұлы тазалық мәдениетінің ең алдымен отбасынан қалыптасатынын айтты. Ол «Қазақта «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген сөз бар» деп атап өтіп, ата-ананың үлгісі балаға тікелей әсер ететінін баса көрсетті. Астана әкімдігінің мәліметінше, осындай профилактикалық рейдтер қалалық саябақтарда, гүлзарларда және басқа да демалыс орындарында барлық аудандарда үздіксіз жалғасуда. Рейд күні Ботаникалық бақта да ұқсас іс-шара өткізілді. Басты мақсат — құқық бұзушылықтың алдын алу, тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттыру және елордада қоғамдық тәртіпті нығайту.



