Қоғам

Астана прокуратурасы: жастар есірткі схемаларына тартылу қаупінде

Астана қаласы прокурорының көмекшісі Ақтөре Беріков елорданың Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте есірткінің адам денсаулығы мен қоғамдық қауіпсіздікке тигізетін зиянын сипаттады. Оның айтуынша, соңғы жылдары есірткі қылмысының табиғаты түбегейлі өзгерді: дәстүрлі жеткізу арналарының орнын анонимді интернет-платформалар, мессенджерлер, криптовалюта арқылы есеп айырысу және байланыссыз өткізу тәсілдері басты. Қылмыстық схемалардың ұйымдастырушылары көбіне шетелде отырып, орындаушыларға тапсырмаларды қашықтан береді.

Ерекше алаңдататын мәселе — синтетикалық есірткілердің кең таралуы. Мұндай заттарды өндіру үшін көп ресурс қажет емес, ал психоактивті компоненттердің жоғары концентрациясы оларды адам өміріне аса қауіпті етеді. Қылмыскерлер жастарды нысанаға алып, әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы «жеңіл табыс» уәдесін таратады да, оларды курьер немесе «закладчик» ретінде заңсыз іске тартады. Беріковтің атап өтуінше, мұндай қызметке қатысу Қазақстан Республикасының заңнамасы бойынша ауыр және аса ауыр қылмыс деп танылып, қатаң қылмыстық жауаптылықты көздейді.

Прокуратура органдары есірткі қылмысына қарсы күресті тек орындаушыларды ұстаумен шектемейді. Басты назар ұйымдастырушыларды анықтауға, жасырын зертханаларды жоюға, прекурсорлар жеткізілімін тоқтатуға, есірткі таратуға пайдаланылатын интернет-ресурстарды бұғаттауға, сондай-ақ қылмыстық жолмен алынған кірістерді тәркілеуге аударылады. Ақтөре Беріков мәселені түбегейлі шешу үшін құқық қорғау шараларымен қатар профилактикалық жұмыстың да маңызды екенін баса айтты: жастарда есірткіге қарсы тұрақты көзқарас қалыптастыру мемлекет, білім жүйесі, ата-аналар, қоғамдық ұйымдар мен БАҚ-тың бірлескен күш-жігерін талап етеді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button