Басты жаңалықтарҚоғам

«Заң мен тәртіп»: Астанада POLICE RUN-2026 бұқаралық жүгіру іс-шарасы өтті

Елордадағы Триатлон саябағында Қазақстан полициясы күніне және Ішкі істер министрлігінің ARLAN спорт клубының құрылғанына орай, «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында POLICE RUN-2026 бұқаралық жүгіру іс-шарасы өтті, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.

Бұқаралық спортты дамытуға, салауатты өмір салтын насихаттауға және тұрғындардың дене белсенділігін арттыруға бағытталған іс-шараға 16 жастан асқан азаматтар қатысты. Жалпы қатысушылар саны 1800-ден асты.

Қатысушылар 5 шақырымдық қашықтықты бағындырды.
Іс-шара Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің, Астана қаласы Полиция департаментінің, Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасының және Астана қаласы әкімдігіне қарасты Спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізу дирекциясының ұйымдастыруымен өтті.

«Қатысушылардың басым бөлігі – Астана қаласы Полиция департаментінің қызметкерлері. Сонымен қатар елорда тұрғындары да шақырылып, жүгіруге қатысуға мүмкіндік алды. Сондықтан алдын ала тіркелген кез келген адам қатыса алды», – деді бас төреші Дәулет Хамзин.

Жүгіруге қатысушылардың қатарында құқық қорғау органдарының ардагерлері де болды. Солардың бірі – Ұлттық қауіпсіздік комитетінің зейнеткері Елеусіз Пардабай бұл спорт түрімен ұзақ жылдан бері айналысып келе жатқанын айтты.

«Жасым 64-те. Астана қаласының тұрғынымын. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің зейнеткерімін. Бүгінгі жүгіру іс-шарасына қатысып, мерекеге өз үлесімді қосуды жөн көрдім.

Мен марафондарға жиі қатысамын. Жалпы жүгірумен 46 жылдан бері айналысамын. Ал марафондарға 2021 жылдан бері қатысып келемін. 21 шақырым қашықтықты да жүгіріп көрдім. Көбіне 10 шақырымдық жарыстарға қатысамын», – деді Елеусіз Пардабай.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай бұқаралық спорттық іс-шаралар тұрғындарды салауатты өмір салтына баулумен қатар, полиция қызметкерлері мен қоғам арасындағы байланысты нығайтуға да ықпал етеді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button