Басты жаңалықтарСаясат

Президент Гонконг Арнаулы әкімшілік ауданы Әкімшілігінің Басшысы Джон Лимен кездесу өткізді

Қасым-Жомарт Тоқаев мәртебелі мейманға ілтипат білдіріп, Қытай Халық Республикасы Гонконг Арнаулы әкімшілік ауданы Әкімшілігінің Басшысы Қазақстанға алғаш рет келіп отырғандықтан бұл сапардың маңызы айрықша екенін айтты.

– Бұл уақиға Қазақстан мен Гонконг, кеңінен алып қарағанда, мәңгі жан-жақты стратегиялық серіктестік байланыстыратын Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастықты дамытуға тың серпін беретіні сөзсіз. Елдеріміздің арасында жоғары деңгейдегі саяси диалог орнаған, сауда-экономикалық және инвестициялық ықпалдастық қарқынды дамып келеді. Гонконгпен қарым-қатынасымыз туралы да дәл осылай айтуға болады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы инвестиция, инновация, технология және халықаралық сауда салаларында әлеуеті зор Гонконг әлемде жетекші қаржы және іскерлік орталықтардың бірі ретінде ерекше рөл атқаратынын атап өтті. Президент бұл сапар өзара тиімді ынтымақтастықты нығайтуға, іскерлік қарым-қатынасты кеңейтуге және инвестиция, қаржы, цифрландыру, жасанды интеллект, көлік-логистика бағыттарында бірлескен перспективті жобаларды жүзеге асыруға жол ашатынына сенімді екенін жеткізді.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға салмақты бизнес-делегациямен бірге келгені үшін мәртебелі мейманға ризашылығын білдірді. Бұл Гонконг іскерлік қауымдастығының елімізбен ынтымақтастықты арттыруға үлкен қызығушылық танытып отырғанын байқатады.

Джон Ли қонақжайлық көрсеткені үшін Президентке алғыс айтып, Гонконгтың Қазақстанмен кешенді ықпалдастықты одан әрі тереңдетуге дайын екенін растады.

– Аталған сапарға ерекше мән беремін. Менімен шетелге шыққан делегациялардың ең ауқымдысы осы болды. Оның құрамына логистика, «жасыл» энергетика, тау-кен өнеркәсібі, инновация мен технология және білім беру сияқты басты салаларда еңбек ететін 75 ресми тұлға мен кәсіпкер енді, – деді Джон Ли.

Гонконг Әкімшілігінің Басшысы ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақстанда көтерілген «Бір белдеу, бір жол» бастамасы екі ел арасындағы берік әрі достық байланыстардың жарқын көрінісіне айналғанына тоқталды.

Оның айтуынша, Қытай Халық Республикасының арнаулы әкімшілік ауданы саналатын Гонконг аталған бастаманы ілгерілетуге белсенді түрде атсалысып келеді. Сонымен қатар бұл қала өңіраралық байланыстардың кеңеюінен мол табысқа кенелмек.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Джон Ли екіжақты күн тәртібіндегі бірқатар нақты мәселені талқылап, сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі жандандыруға өзара мүдделі екенін растады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button