Түркістанда көкпардан әлем чемпионатының салтанатты ашылуы өтті

Түркістан қаласында жаңадан бой көтерген атшабарда көкпардан әлем чемпионатының салтанатты ашылу рәсімі өтті.
17–21 наурыз аралығында өтетін дүбірлі додаға әлемнің тоғыз елінен келген құрамалар қатысуда. Әлем чемпионы атағы үшін Ауғанстан, Қытай, Мажарстан, Моңғолия, Ресей Федерациясы, Тәжікстан, Өзбекстан, Түркия және Қазақстан құрамалары бақ сынайды.
Чемпионаттың ашылу салтанатына Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Аманбай Нұрмұханбетов, Дүниежүзілік көкпар қауымдастығының президенті Данияр Қобыландин, жарыстың бас төрешісі Жанысбек Саев және көкпардан КСРО-ның тоғыз дүркін чемпионы, ардагер спортшы Әбілхан Дауылбаев қатысты. Олар жарысқа қатысушыларға сәттілік тілеп, чемпионаттың маңыздылығына тоқталды.
Жарыс регламентіне сәйкес, 17–19 наурыз аралығында топтық кезең ойындары өтеді. Үздік нәтиже көрсеткен құрамалар жартылай финалға жолдама алады. 20 наурызда жартылай финалдық кездесулер ұйымдастырылса, 21 наурызда финалдық ойындар өтіп, әлем чемпионы анықталады.
Әлем чемпионатын Дүниежүзілік көкпар қауымдастығы, Қазақстан Республикасының көкпар федерациясы, Ұлттық және ат спорты орталығы мен Түркістан облысының әкімдігі бірлесіп ұйымдастырып отыр.
Айта кетейік, жарыстың жалпы жүлде қоры 30 миллион теңгені құрайды. Чемпионаттың бас демеушісі – «Самұрық-Қазына» АҚ, ал бас серіктесі – Спортты қолдау қоры.



