Өңірде биыл 48,6 млрд теңгеге 43 медициналық нысан іске қосылды

«Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында өңірдің барлық ауданында 10 млрд 763 млн теңгеге 28 медициналық нысан салынды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте өңір басшысы Нұрлыбек Нәлібаев мәлімдеді.
Оның айтуынша, қала аумағында 36,4 млрд теңгеге 300 орындық көпбейінді аурухананың құрылысы қарқын алды. Сондай-ақ 5,4 млрд теңгеге төрт ауданда орталық ауруханалар жанынан қосымша ғимараттар салынды. Шиелі ауданында 2,3 млрд теңгеге салынған жұқпалы аурулар бөлімшесінің жаңа ғимараты пайдалануға берілді. Құрылысына 2,2 млрд теңге қарастырылған осындай нысан жақын күндері Арал ауданында ашылады. Бұрын жеке ғимараты болмаған Қан орталығы бүгінде жаңадан салынған нысанда халыққа қызмет көрсетіп отыр.
Сонымен қатар Үкімет облыс орталығында 48,5 млрд теңгеге 200 орындық перинаталдық орталық және 14,78 млрд теңгеге 500 орындық емхана салу туралы қаулы қабылдады. Аталған нысандардың құрылысы жақын арада басталады. Бұдан бөлек, тағы бір 400 орындық емхана салу жоспарланып отыр.
Халық сұранысына сәйкес соңғы екі жылда жергілікті бюджет есебінен 5,4 млрд теңгеге 225 санитарлық автокөлік пен 45 жедел жәрдем көлігі сатып алынып, барлық елді мекендердегі денсаулық сақтау ұйымдарына табысталды.
Соңғы жылдары 24 медициналық нысан 6 млрд теңгеге күрделі жөндеуден өтті, 15 млрд теңгеге заманауи медициналық құрал-жабдықтар сатып алынды. Нәтижесінде жабдықталу деңгейі 2022 жылғы 83,2 пайыздан 87,4 пайызға дейін артты. Бұл көрсеткіш республика бойынша орташа деңгейден жоғары.
Халыққа сапалы медициналық қызмет көрсету мақсатында медицина мамандарының біліктілігін арттыру мәселесіне де ерекше назар аударылуда. Өткен жылы 15 дәрігер Түркияның жетекші клиникаларында тәжірибе жинақтаса, биыл 41 медицина қызметкері Германия, Ресей, Литва және Беларусь елдеріндегі үздік медициналық орталықтарда білімін жетілдірді.



