Көкпардан әлем чемпионатына тоғыз елдің құрамасы қатысуда

Түркістан қаласындағы жаңа атшабарда өтіп жатқан көкпардан әлем чемпионатына әлемнің тоғыз елінен келген құрамалар қатысып жатыр. Байрақты бәсекеде Ауғанстан, Қытай, Мажарстан, Моңғолия, Ресей Федерациясы, Тәжікстан, Өзбекстан, Түркия және Қазақстан құрамалары жүлде жолында бақ сынауда.
Чемпионаттың салтанатты ашылу рәсіміне Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Аманбай Нұрмұханбетов, Дүниежүзілік көкпар қауымдастығының президенті Данияр Қобыландин, жарыстың бас төрешісі Жанысбек Саев және көкпардан КСРО-ның тоғыз дүркін чемпионы, ардагер спортшы Әбілхан Дауылбаев қатысып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Чемпионаттың алғашқы ойын күнінде бірнеше кездесу өтті. Өзбекстан құрамасы Қытайды 10:0 есебімен жеңсе, Ресей құрамасы Моңғолиядан 3:0 есебімен басым түсті. Қазақстан құрамасы Тәжікстанды 8:4 есебімен ұтып, жарысты жеңіспен бастады. Ал Ауғанстан құрамасы Мажарстанды 14:0 есебімен тізе бүктірді.
Жарыс регламентіне сәйкес, топтық кезеңнің қорытындысы бойынша үздік шыққан командалар 20 наурызда өтетін жартылай финалға жолдама алады. Ал 21 наурызда финалдық кездесулер ұйымдастырылып, әлем чемпионы мен жүлдегерлер анықталады.
Көкпардан әлем чемпионатын Дүниежүзілік көкпар қауымдастығы, Қазақстан Республикасының көкпар федерациясы, Ұлттық және ат спорты орталығы мен Түркістан облысының әкімдігі бірлесіп ұйымдастырып отыр. Турнирдің жалпы жүлде қоры – 30 миллион теңге.
Айта кетейік, көкпардан әлем чемпионаты соңғы рет 2017 жылы өткен болатын. Тоғыз жылдық үзілістен кейін дүбірлі дода қайта жанданып, Түркістан төрінде ұйымдастырылуда.
Чемпионаттың бас демеушісі – «Самұрық-Қазына» АҚ, бас серіктесі – Спортты қолдау қоры.



