Маңғыстау облысында жолаушыдан 136 келіден астам бекіре тұқымдас балық тәркіленді
Маңғыстау облысы Қарақия ауданында полиция қызметкерлері жүргізушінің жүк салғышынан 136,15 келі бекіре тұқымдас балыққа ұқсас балық тәркіледі. Оқиға 5 қазанда профилактикалық іс-шара кезінде болды. Полицейлер басқа да құқық қорғау және уәкілетті органдардың өкілдерімен бірлесіп жұмыс істеді.
Рейд барысында Chevrolet Cobalt автокөлігінің жүргізушісін тоқтатып, көлікті тексерген. Жүк салғыштан бекіре тұқымдас балықтарға ұқсас 22 дана балық табылған. Балық көлікте отырған 55 жастағы әйел жолаушыға тиесілі болып шықты.
Осы дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 339-бабының 1-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Қазір балықтың шығу тегін және оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.
Полиция сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төнген жануарлар түрлерін заңсыз аулау, сатып алу, сақтау, тасымалдау және өткізу үшін заңнамада жауапкершілік көзделгенін еске салды. Сондай-ақ азаматтарды табиғатты қорғау заңнамасын сақтауға, жануарлар дүниесі объектілерін заңсыз сатып алудан, сақтаудан және тасымалдаудан бас тартуға шақырды.
Дереккөз: gov.kz



