Түркістанда әдеби алаң ашылды: Оралхан Бөкейдің «Атау кере» романы талқыланды
Түркістанда Мемлекет басшысының «Кітап оқитын ұлт» бастамасын қолдау үшін жаңа әдеби алаң ашылды. Алаңда «Бірге оқимыз, бірге ойлаймыз!» атты алғашқы кездесу өтті. Жиынға шығармашылық зиялы қауым өкілдері, жазушылар, журналистер, жастар және кітапсүйер қауым қатысты.
Алғашқы кездесуде қазақтың белгілі жазушысы, драматург Оралхан Бөкейдің «Атау кере» романы талқыланды. Қатысушылар шығарманың негізгі идеясын, кейіпкерлердің тағдырын, рухани құндылықтар мен қоғамдағы өзекті мәселелерді сөз етті. Сондай-ақ романның көркемдік ерекшелігі мен жазушы шығармашылығы жайында пікір алмасты.
Кездесу барысында жастардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттырудың, сыни ойлау қабілетін дамытудың және әдеби шығармаларды талқылау мәдениетін қалыптастырудың маңызы айтылды.
Алдағы уақытта әдеби алаңда қазақ және әлем әдебиетінің көрнекті туындыларын талқылайтын кездесулер тұрақты өткізіледі деп жоспарланған. Іс-шараны Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесі ұйымдастырды.
Ақпарат көзі: ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі.
Дереккөз: gov.kz


