Экономика

Қарағанды облысында 750 гектар ауыл шаруашылығы жері мемлекетке қайтарылды

Қарағанды облысының Шет ауданындағы 750 гектар жер учаскесі сот шешімімен мемлекет меншігіне қайтарылды. Ауыл шаруашылығы министрлігі Жер ресурстарын басқару комитетінің Қарағанды облысы бойынша департаменті жоспардан тыс тексеру өткізіп, жерді беру кезінде заң талаптарының бұзылғанын анықтады.

Тексеру нәтижесінде аталған учаскелер заңнамада қарастырылған конкурстық рәсімдер өткізілместен берілгені белгілі болды. Бұзушылықты жойып, заңдылықты қалпына келтіру үшін департамент облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотқа талап арыз берді. Арызда аудандық жер қатынастары бөлімі мен жер пайдаланушы арасында жасалған шарттарды жарамсыз деп тану сұралды.

Сот істі қарап, талап арызды толық көлемде қанағаттандырды, жер учаскелері мемлекет меншігіне қайтарылды. Ауыл шаруашылығы министрлігі жер заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету, жерді беру кезіндегі бұзушылықтарды анықтау және жерді мемлекетке қайтару жұмысын жалғастыруда.

Дереккөз: gov.kz

Другие новости

Back to top button