V Азия Пара ойындарында Астанадан 24 спортшы Қазақстан намысын қорғайды
2026 жылғы 18-24 қазан аралығында Жапонияның Айти префектурасы мен Нагоя қаласында V Азия Пара ойындары өтеді. Бұл жарыс құрлықтағы пара спортшылар арасындағы ең ірі халықаралық додалардың бірі. Қазақстан ұлттық құрамасының сапында Астанадан 24 спортшы өнер көрсетеді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
V Азия Пара ойындарының бағдарламасы қандай
Ойындар бағдарламасында спорттың 18 түрі бар. Жарыс барысында 502 медаль жиынтығы таласқа түседі.
Астана спортшылары спорттың сегіз түрінен жекелей және командалық сайыстарға қатысады.
Елордалық спортшылар қай спорт түрлерінен сынға түседі
Астана атынан өнер көрсететін спортшылар спорт түрлері бойынша былай бөлінеді:
- Пара жеңіл атлетика: Айсұлу Сүлейменова 100 және 200 метрге, Дастан Ордабай 400 және 1500 метрге жүгіреді.
- Пара жүзу: Сиязбек Далиев, Әли Тұрғанбек және Бекасыл Қасымбек.
- Пара үстел теннисі: Александра Степанова, Алтынай Ержанқызы, Балзия Таш және Антонина Рогова.
- Пара нысана көздеу: тапаншамен Севда Алиева, Никита Ермаков, Александр Пасхалиди және Айсұлу Мұқашбекова, мылтықпен Айгерім Төлегенова мен Ардақ Оторбаев, барлығы алты спортшы.
- Пара велоспорт: Ринат Марденов пен Берік Қартбай.
- Пара дзюдо: Ерғали Шамей, Бауыржан Арыстанбеков және Асылан Нұрдәулетов.
- Бокча: Итиана Шыңғысханова BC2 санатында, Ерхат Алмат BC1 санатында.
- Отырып ойнайтын волейбол: Алмат Оспанов пен Берік Ізмағанбетов Қазақстан құрамасының сапына енді.
Спортшылар жарысқа қалай дайындалып жатыр
Қазір елордалық спортшылар ұлттық құрама сапында оқу-жаттығу жиындарын жалғастыруда. Дайындық кезінде спортшылардың функционалдық жағдайын бақылауға, медициналық сүйемелдеуге және жарыс тәжірибесін арттыруға ерекше көңіл бөлінеді.
Спортшылар қажетті спорттық құрал-жабдықпен толық қамтамасыз етілген.
IV Азия Пара ойындарында елордалықтар қандай нәтиже көрсетті
2023 жылы Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен IV Азия Пара ойындарында Астана атынан спорттың төрт түрінен 10 спортшы өнер көрсеткен.
Сол жарыстың қорытындысымен елордалық спортшылар бес медаль жеңіп алды: екі алтын, бір күміс және екі қола.
Дереккөз: gov.kz


