Айбек Оралбай Азия ойындарының чемпионы атанды: астаналық боксшы алтын медаль жеңді
Астаналық боксшы, әлем чемпионы Айбек Оралбай Жапонияның Айти және Нагоя қалаларында өтіп жатқан XX жазғы Азия ойындарында алтын медаль жеңіп алды. Бұл туралы Астана әкімдігінің ресми сайты хабарлады.
90 келіден жоғары салмақтағы финалдық жекпе-жекте қазақстандық спортшы Өзбекстан өкілі Жахонгир Зокировпен кездесті. Алғашқы минуттардан-ақ екі боксшы да ширақ қимылдады. Кездесу барысында Айбек Оралбай дәл соққыларының арқасында басымдыққа ие болды. Үш раундтан кейін төрешілер бірауыздан 5:0 есебімен оны жеңімпаз деп таныды.
Алтын медальға жолда Айбек Оралбай тағы екі сенімді жеңіске жетті. Ширек финалда ол Қырғызстан өкілі Мирзакир Кошалиевті 5:0 есебімен жеңді. Жартылай финалда Үндістан боксшысы Нарендерді де осындай есеппен ұтты.
Айбек Оралбайдың жеңісі Қазақстан құрамасының осы Азия ойындарындағы 11-ші алтын медалі болды.
Дереккөз: gov.kz


