Астанада экологиялық акциялар 3 қазанда барлық аудандарда өтеді
Астананың барлық ауданында 3 қазан күні, сенбіде «Таза Қазақстан» күзгі экологиялық айлығы аясында жалпы қалалық экологиялық акциялар өтеді. Елорда әкімдігінің ресми сайтының хабарлауынша, іс-шараларға қатысып, қаланы абаттандыруға үлес қосқысы келетін кез келген адам қосыла алады.
Айлық барысында қаланы санитарлық тазарту, абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарына тұрғындар мен жастар, мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдардың, ПИК пен МИБ өкілдері қатысады. Саябақтарда, гүлзарларда, тұрғын үйлердің аулаларында және ұйымдар маңындағы аумақтарда қоқыс жиналып, сыртқа шығарылады. Сонымен қатар жасыл желекке күтім жасалып, ағаш отырғызылады.
Қоғамдық кеңістіктер мен адамдар көп жиналатын орындарға ерекше назар аударылады. Күзгі экологиялық айлық Астананың экологиялық жағдайын жақсартуға және қоршаған ортаға ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.
Дереккөз: gov.kz



