BaiQymyz-2026: фестивальдің бірінші күні 40 мың қонақты жинады

Астананың «Қазанат» ипподромында өткізіліп жатқан BaiQymyz-2026 халықаралық гастрономиялық фестивалінің алғашқы күнінде 40 мыңға жуық адам болды. Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайты хабарлады.
Фестиваль аясында келушілер Қазақстан мен Ресей Федерациясының (Якутия) 60-тан астам өндірушісі ұсынған қымыздың түрлі сорттарын татып көрді. Арнайы әкелінген 1 тонна шұбат пен 200 литр қымыз ұлттық сусындардың алуан дәмін бағалауға мүмкіндік берді. Сондай-ақ қонақтар ұлттық тағамдарды дайындау бойынша шеберлік сабақтарына қатысып, халық қолөнері көрмелерін аралады.
Қатысушылардың ерекше назарын халықаралық қымыз байқауы, көкпар, бәйге, аударыспақ, қыз қуу және дәстүрлі садақ ату жарыстары, жылқылар шеруі мен шабандоздар көрсетілімдері аударды. Фестивальдің негізгі сахнасында танымал қазақстандық өнерпаздар мен шығармашылық ұжымдар өнер көрсетті. Шараға елорда тұрғындары мен өзге өңірлерден келген қонақтармен бірге шетелдік туристер де қатысты.
BaiQymyz-2026 фестивалі 12 шілде күні де «Қазанат» ипподромында жалғасады. Қонақтар ұлттық тағамдар мен сусындардан дәм тата отырып, мәдени-спорттық іс-шараларды, ат спорты шоуларын және белгілі қазақстандық өнерпаздардың концерттерін тамашалай алады.



