Общество

«BaiQymyz-2026»: 56 тонна қымыз және 70 мың қонақ — жеңімпаздар анықталды

Астана қаласында өткізілген «BaiQymyz» халықаралық фестивалі шеңберінде ұлттық сусынды насихаттауға бағытталған ірі байқаудың нәтижелері жарияланды. Елорда әкімдігінің ресми сайты хабарлағандай, екі күн бойы жалғасқан іс-шараға 70 мыңнан астам қонақ келіп, өндірушілер 56 тонна қымыз ұсынды.

Байқауға Қазақстанның түкпір-түкпірінен және шет елдерден келген өнімдер қатысты. Сарапшылар қымыздарды сапасы, дәмі, дайындалу технологиясы және ұлттық дәстүрге сәйкестігі тұрғысынан бағалады. Негізгі байқаудың Гран-При жүлдесін Ақмола облысы Бурабай ауданынан шыққан «Qymyznai Qymyzy» жеңіп алды. Алтын жүлде — сол облыстың Ақкөл ауданындағы «Ағабек ата ерекше қымызына», Күміс жүлде — Целиноград ауданының «Saryarqanyn saf qymyzына», Қола жүлде — Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданынан «Qarakush» қымызына бұйырды.

Арнайы номинациялар бойынша да жеңімпаздар белгіленді. «Ем қымыз» номинациясының Алтын жүлдесін Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданынан «Баянның бал қымызы» алды; Күміс жүлде — Қарағанды облысы Ақтоғай ауданының «Saryterek» қымызына, Қола жүлде — Қарқаралы ауданының «Sarybel» қымызына тиесілі болды. «Халық таңдауы» номинациясында Алтын жүлдені Қарағанды облысы Қарқаралы ауданынан «Теректінің текті қымызы», Күміс жүлдені Абай облысы Абай ауданынан «Sarzhal Bakytzhan», Қола жүлдені Жамбыл облысы Меркі ауданынан «Ақтоған» қымызы иеленді. «Алтын күбі» номинациясы — Ақмола облысы Целиноград ауданының «Bizdin Qymyz» өніміне, «Алтын саба» — Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай қымызына, «Алтын шара» — Ресей Федерациясы Омбы қымызына берілді. Сондай-ақ «Күміс тостаған» Қарағанды облысы Бұқаржырау ауданының «Saba» қымызына, «Күміс торсық» Абай облысының «Тоқаш ана» шипажайына, «Қымыз серті» Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданының «Ләйлә» өніміне, «Жайлау дәмі» «Zhanten» қымызына, «Дәстүр сақтаушы» Қарағанды облысы Қарқаралы ауданының «Ақтерек» қымызына, «Үздік дизайн» Абай облысы Абай ауданының «Әділ қымызына», «Дәм шебері» Алматы облысының «Ақсақал» қымызына табыс етілді.

Другие новости

Back to top button