Қарағандыда кітапхана ісін дамыту мен кітап оқу мәдениетін ілгерілету талқыланды
Қарағанды облысында кітапхана қызметін дамыту мен кітап оқу мәдениетін кеңейтуге арналған жиын өтті. Бұл шара Мемлекет басшысының «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығын жүзеге асыру шеңберінде ұйымдастырылды. Николай Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында өткен кездесуге облыстық және аудандық кітапхана жүйелерінің басшылары мен кітапханашылар, сондай-ақ ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының директоры Күміс Сейітова мен облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ғалымжан Өтелбайұлы қатысты.
Кітапхана саласын заманауи дамыту жолдары
Жиын барысында «Зерделі ұлт» тұжырымдамасын жүзеге асыру, кітапханалардың мәртебесін арттыру және кітап оқу мәдениетін қоғамда кеңінен таныту мәселелері көтерілді. Сонымен қатар, кітапхана жұмысын цифрландыру және жасанды интеллект технологияларын енгізу жолдары талқыланды. Сала мамандары кәсіби тәжірибелерімен бөлісіп, заманауи талапқа сай кітапхана қызметін жетілдіру бағытында пікір алмасты.
Жасанды интеллект және шығармашылық байқау нәтижелері
Кездесу аясында «Кітапты насихаттауда жасанды интеллектіні қолдану» атты облыстық байқаудың қорытындысы жарияланды. Бұл байқауға облыстың 12 қаласы мен ауданынан барлығы 42 өтінім келіп түскен. Іріктеу барысында 33 автордың жұмысы бағаланып, үздік деп танылғандар марапатталды.
Дереккөз: gov.kz


