Общество

Астанада 10 елдің полиция және арнайы жасақ балуандары бас қосатын халықаралық турнир өтеді

21 қараша күні Астанада Wrestling Stars League халықаралық турнирі ұйымдастырылады. Бұл жарысқа әлемнің 10 елінен келген полиция қызметкерлері мен арнайы жасақ жауынгерлері алғаш рет бір бозкілемде белдеседі.

Турнирге Олимпиада, әлем, Азия, Еуропа және Америка чемпионаттарының жеңімпаздары мен жүлдегерлері қатысады. Қазақстан намысын Ішкі істер министрлігінің үздік балуандары қорғайды. Олар 50 спортшының арасынан іріктеуден өтіп, халықаралық жарысқа жолдама алған.

Турнир ерекшелігі мен қатысушылар

Жарыс аясында 10 белдесу өтеді. Бозкілемде тәжірибелі спортшылармен қатар қызметінде тәртіпті, төзімділік пен қайратты ту еткен құқық қорғау органдарының қызметкерлері өзара бақ сынайды. Жобаның авторы Дәурен Жабасов бұл турнирдің басты ерекшелігі — әр елдің тәртіп сақшылары мен арнайы жасақ өкілдерінің бір алаңда күресуі екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл жай ғана жарыс емес, нағыз мықтылардың сайысы болмақ.

Жарыстың мақсаты мен өткізілу тәртібі

Wrestling Stars League турнирі Біріккен күрес әлемі (UWW) ұйымының халықаралық ережелеріне сай өткізіледі. Ұйымдастырушылар жарыстың негізгі мақсаты — түрлі елдердің құқық қорғау органдары арасындағы спорттық байланыстарды нығайту және жастардың спортқа қызығушылығын арттыру екенін мәлімдеді.

Дереккөз: gov.kz

Другие новости

Back to top button