Қазақстандықтарға жұмысқа орналасу үшін қандай мүмкіндіктер бар: Enbek платформасының қызметтері
Қазақстанда жұмыс іздеп жүрген немесе жұмысынан айырылған азаматтар үшін Enbek цифрлық экожүйесі арқылы бірнеше қызмет қолжетімді. Бұл платформа арқылы бос жұмыс орындарын іздеу, кәсіптік білім алу, кәсіби біліктілікті растау және өз кәсібін ашу бойынша мемлекеттік қолдау шараларын пайдалану мүмкіндігі бар. Қызметтерді онлайн түрде немесе аумақтық мансап орталықтары арқылы алуға болады.
Жұмыс іздеу және тіркелу жолдары
Enbek.kz Электрондық еңбек биржасы мен Enbek мобильді қосымшасында азаматтар жеке кабинет ашып, түйіндеме қалдыра алады. Бұл ресурстар арқылы жұмыс іздеуші ретінде тіркеліп, бос жұмыс орындарына өтінім беруге мүмкіндік бар. Егер заңнама талаптарына сәйкес келсе, азаматтар жұмыссыз мәртебесін онлайн рәсімдей алады және әлеуметтік төлемге өтінім бере алады.
Жасанды интеллект көмегі және цифрлық түйіндеме
Enbek.kz платформасында енгізілген цифрлық жұмыспен қамту қызметі жасанды интеллект мүмкіндіктерін ұсынады. Азаматтың келісімімен мемлекеттік ақпараттық жүйелерден алынған мәліметтер негізінде цифрлық түйіндеме автоматты жасалады. Жасанды интеллект жұмыс іздеушінің біліктілігіне сай бос жұмыс орындарын ұсынуға көмектеседі және диалог форматында жұмыс жүргізеді. Бұл қызмет арқылы жұмыс орнының орналасқан жерін, жалақы деңгейін және оқуға қатысты ұсыныстарды таңдауға болады.
Кәсіптік білім алу және біліктілікті растау мүмкіндіктері
Жаңа дағды игергісі келетіндер үшін Skills Enbek платформасында тегін онлайн курстар қолжетімді. Жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтар қысқа мерзімді кәсіптік оқуға жолдама ала алады. Ал кәсіби дағдыларын ресми растағысы келетіндер Career Enbek платформасы арқылы кәсіптік біліктілікті тану ваучеріне өтінім бере алады.
Кәсіпкерлікті қолдау және гранттар
Өз кәсібін бастағысы келетіндерге Business Enbek платформасы арқылы «Бастау Бизнес» жобасына қатысып, кәсіпкерлік негіздерін үйрену мүмкіндігі беріледі. Белгіленген талаптарға сәйкес келгендер бизнес-жобаларын жүзеге асыру үшін мемлекеттік грантқа өтінім бере алады. Сонымен қатар, ауылдық жерлер мен шағын қалалар үшін «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша микрокредит пен лизинг рәсімдеу ұсынылады. Бұл сервис Алматы, Қызылорда, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарында пилоттық негізде іске қосылған.
Аймақта жұмыс табылмаса не істеу керек?
Азаматтар басқа өңірлердегі бос орындарды қарастыра алады. Еңбек күші тапшы өңірлерге ерікті түрде қоныс аударып, мемлекеттік қолдау шараларын пайдалану мүмкіндігі бар. Migration Enbek платформасы арқылы қоныс аудару бойынша кеңес алу үшін мансап орталығына өтінім жіберуге болады.
Жеке кеңес алу және қолдау
Егер азамат өз бетімен жұмыс таба алмаса, тұрғылықты жеріндегі мансап орталығына жүгіне алады. Онда мамандар тіркеуге көмектесіп, жұмыссыз мәртебесін рәсімдеуге, бос жұмыс орындарын таңдауға және жұмыспен қамту шаралары туралы толық ақпарат алуға жәрдемдеседі. Жаңа тәсіл бойынша әр азаматқа жеке маман бекітіліп, жұмыс іздеудің барлық кезеңінде сүйемелдеу көрсетіледі.
Жұмысқа орналасу үшін алғашқы қадам – Enbek.kz платформасында тіркелу немесе жақын мансап орталығына бару. Әр азамат өз қажеттілігіне қарай жұмыс іздеу, оқуға түсу, біліктілігін растау, қоныс аудару немесе кәсіп ашу сияқты мүмкіндіктерді пайдалана алады.
Дереккөз: gov.kz



