Алматы облысында «Ауыл қорғаны» бекеті ашылып, үш жедел қызмет біріктірілді
Алматы облысының Іле ауданында орналасқан Нұрғиса Тілендиев ауылында «Ауыл қорғаны» жобасы іске қосылды. Бұл – өңірдегі алғашқы бекет, мұнда полиция, өрт сөндіру бөлімшесі және жедел медициналық жәрдем қызметі бір ғимаратта жұмыс істейді.
Жаңа жоба арқылы төтенше жағдайларда жедел әрекет ету, оқиға орнына арнайы қызметтердің жету уақытын қысқарту және тұрғындарға көмек көрсетуді оңтайландыру көзделген. Полиция қызметіне ерекше назар аударылып, құқық қорғау органдары өкілдерінің тұрақты болуы қоғамдық тәртіп пен құқық бұзушылықтың алдын алуға мүмкіндік береді.
Бекеттің ашылуына не себеп болды
Жоба Алматы облысы әкімінің қолдауымен және жеке инвесторлардың қаржыландыруымен жүзеге асқан. Қараой ауылдық округінің тұрғындары соңғы жылдары 20 мың адамға жуықтап, халық санының өсуі осындай бастаманы қолға алуға негіз болған.
Жаңа бекетке қажетті техника берілді
«Ауыл қорғаны» бекетін ашу барысында жедел медициналық жәрдем қызметіне Hyundai Staria көлігінің, ал полицияға Kia Sorento патрульдік автокөлігінің кілттері тапсырылды. Бұл материалдық-техникалық базаны жаңартуға сеп болды.
Үш қызмет бір орталықта – қауіпсіздіктің жаңа моделі
Алматы облысы полиция департаментінің бастығы Мейрам Әбікеевтің айтуынша, үш жедел қызметтің бір орталықта болуы олардың өзара әрекетін үйлестіріп, тұрғындарға көмек көрсету жылдамдығын арттырады. Сондай-ақ бұл шара ауылдық жерлерде қауіпсіздікті қамтамасыз етудің жаңа үлгісін қалыптастыруға жол ашады.
Жобаның негізгі мақсаты – қай жерде тұрса да, әрбір тұрғынға қажетті көмектің уақытылы көрсетілуі мен өзін қауіпсіз сезінуіне жағдай жасау.
Дереккөз: gov.kz



