Астанада заңсыз қоқыс орындарынан 232 мың тоннадан астам қалдық шығарылды
Астанада биыл заңсыз төгілген қоқыс орындарынан 232 мың тоннадан астам қалдық шығарылды. Қаланың барлық ауданында аумақтар тұрақты тексеріліп, ғарыштық мониторинг те қолданылады. Бұл туралы қала әкімдігінің ресми сайты хабарлады.
Нұра ауданында 96 мың тоннадан астам қоқыс шығарылды
Нұра ауданында жыл басынан бері 64 аумақ тазартылып, 96 мың тоннадан астам қоқыс шығарылды. Абаттандыру ережелерін бұзғаны үшін 66 жеке және 153 заңды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл шаралар ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 505-бабына сәйкес жүргізілді.
Сарыарқа және Байқоңыр аудандарындағы жұмыстар
Сарыарқа ауданында 19 заңсыз қоқыс орны анықталып, түгел жойылды. Бұл жерлерден 16 мың тоннадан астам қалдық шығарылды. Байқоңыр ауданында 38 аумақ тазартылып, 40 мың тоннадан астам қоқыс әкетілді. Мұнда «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ анықтаған сегіз аумақ та тазаланды. Бұл жұмыстар 101, Үшқоңыр, Жұбанов, Пушкин, Өндіріс, Циолковский, Тайбурыл және Мұнайшылар көшелерінде, сондай-ақ «Алай» базары, Солтүстік айналма жолы мен Алаш даңғылы бойында және Пушкин көшесіндегі теміржол өткелінің жанында жүргізілді.
Есіл мен Сарайшық аудандарындағы ахуал
Есіл ауданында ғарыштық бақылау арқылы заңсыз қоқыс төгілген төрт аумақ анықталды. Бұл аудан бойынша 19 орын тазартылып, жыл басынан бері 45 мың тоннадан астам қоқыс шығарылды. Заңсыз қоқыс тастау қайталанбауы үшін бұл жерлерге қоршаулар қойылуда.
Сарайшық ауданында ғарыштық мониторинг көмегімен 25 заңсыз қоқыс орны анықталып, барлығы жойылды. Осы ауданнан 35 мың тоннадан астам қалдық шығарылды.
Қалалық әкімдіктің ескертуі
Аудан әкімдіктері аумақтарды тұрақты тексеріп, тазартылған жерлердің жағдайын бақылап отыр. Тұрғындар мен кәсіпкерлерге қоқысты белгіленген орындарға төгу, оны уақытында шығару және абаттандыру талаптарын сақтау қажеттігі ескертіледі.
Дереккөз: gov.kz


