Экономика

Қазақстанға ОАӨЭЫ елдерінен 20 жылда 30 млрд доллардан астам инвестиция тартылды

2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Орталық Азия өңірлік экономикалық ынтымақтастығы (ОАӨЭЫ) елдері арасындағы тауар айналымы 8,8 млрд долларға жетіп, 14,4%-ға өскені атап өтілді. 2005 жылдан бастап ел экономикасына тікелей шетелдік инвестиция ретінде 30 млрд доллардан астам қаржы тартылған. Бұл деректі Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Алматыда өткен Орталық Азиядағы экономикалық ынтымақтастық жөніндегі екінші Тянь-Шань форумында жариялады.

Экономикалық ынтымақтастықтың басым бағыттары

Серік Жұманғариннің айтуынша, ОАӨЭЫ бағдарламасы аясындағы негізгі міндеттерге өзара сауданы кеңейту, көлік-логистика саласын дамыту және сапалы инвестиция тарту жатады. Оның сөзінше, кедергілерді біртіндеп жойып, сауда рәсімдерін жеңілдету, электрондық сауданы дамыту және кәсіпкерлердің көрші елдердің нарығына шығуын қамтамасыз ету маңызды.

Көлік инфрақұрылымын жаңғырту

Қазақстан көлік дәліздерінің өткізу қабілетін арттыру, теміржол және автожол инфрақұрылымын жаңарту, мультимодальды тасымалдарды дамытуға күш салуда. Трансшекаралық тасымалды жылдамдату үшін көлік жүйелерін тиімді үйлестіру, шекарадағы рәсімдерді цифрландыру және жүк өткізу уақытын қысқарту көзделген.

Қазақстанның өңір елдеріне салған инвестициясы

Қазақстан ОАӨЭЫ елдеріне 4 млрд доллардан астам инвестиция салған. Елде өңір елдерінен 28 мыңнан астам кәсіпорын мен 2,5 мыңнан аса бірлескен компания тіркелген. Вице-премьер инвестицияларды жаңа өндіріс орындарын ашуға, озық технологияларды енгізуге, еңбек өнімділігін арттыруға және қосылған құны жоғары өнім шығаруға бағыттаудың маңызын атап өтті.

Форум туралы мәліметтер

Екінші Тянь-Шань форумы 2–3 қарашада Алматыда «Орталық Азиядағы орнықты өзара байланыс пен сапалы инвестицияларды нығайту» тақырыбымен өтіп жатыр. Шараны Қазақстанның ОАӨЭЫ Институты, Ұлттық экономика министрлігі және Азия даму банкі бірлесіп ұйымдастырды. Форумға ОАӨЭЫ елдерінің үкімет өкілдері, халықаралық қаржы ұйымдары, даму институттары, бизнес және сарапшылар қауымдастығынан 400-ге жуық делегат қатысуда.

ОАӨЭЫ бағдарламасы туралы

ОАӨЭЫ – Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Әзербайжан, Грузия, Моңғолия және Пәкістанды біріктіретін өңірлік экономикалық ынтымақтастық бағдарламасы. Бағдарлама көлік, сауда және энергетика секілді салаларда өңірлік әріптестікті тереңдетуге бағытталған.

Дереккөз: gov.kz

Другие новости

Back to top button