Главные новости

Астанада тұрғын үйлерге газ және түтін анықтайтын құрылғылар орнатылуда

Астанада барлық алты ауданда өрттің алдын алу шаралары қарқынды жүріп жатыр. Мамандар үйлерді аралап, жылыту жүйелері мен электр сымдарының жағдайын тексеруде, сонымен қатар газ және түтін анықтайтын құрылғыларды орнатып, тұрғындарға қауіпсіздік ережелерін түсіндіруде.

Әлеуметтік осал отбасыларға ерекше назар аударылуда

Астанада 25 мыңға жуық жеке тұрғын үй бар. Әлеуметтік осал санатқа жататын 695 отбасы тіркелген. Бұл санаттағы барлық үйге толықтай түсіндіру және тексеру жұмыстары жүргізілді. 235 үйге газ және иіс газын, сондай-ақ түтін анықтайтын құрылғылар орнатылды. 43 үйдің мұржасы тазартылды. Бұдан бөлек, мамандар бұрын орнатылған өрт хабарлағыштарының қуат көздерін ауыстырды, жылыту жүйелері мен электр сымдарының жарамдылығын тексерді.

Профилактикалық жұмыстың ауқымы кеңейді

Жыл басынан бері есепте тұрған 860 барак үлгісіндегі үй мен жатақхана бар. 15 қыркүйектен бастап полиция, жергілікті атқарушы органдар, АРЭК, «ҚазахГаз Аймақ» және волонтерлердің қатысуымен күнделікті профилактикалық аралау жұмыстары жүргізілуде. Жылыту маусымына байланысты 500-ге жуық қызметкер екі ірі рейд ұйымдастырды. Жалпы, профилактикалық шаралар 4 191 үйді қамтыды, 20 мыңнан астам адамға түсіндіру жүргізілді.

Тұрғындарға арналған қауіпсіздік кеңестері

  • Жылыту маусымы басталғанға дейін жылыту құрылғылары мен мұржаларды тексеру;
  • Мұржаларды үнемі күйеден тазалап отыру;
  • Электр құрылғылары мен пештерді қараусыз қалдырмау;
  • Қолдан жасалған немесе ақаулы жылыту құрылғыларын қолданбау;
  • Бір розеткаға бірнеше қуатты электр құрылғысын қоспау;
  • Балаларды қараусыз қалдырмау;
  • Өрт болған жағдайда 101 немесе 112 нөміріне дереу қоңырау шалу.

Астана қаласының Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарды үйлерін қысқа мұқият дайындап, өрт қауіпсіздігін сақтауға шақырады. Балалардың қауіпсіздігі мен әр үйдің жылуы – ортақ жауапкершілік екені ескертілді.

Дереккөз: gov.kz

Другие новости

Back to top button