Ұлттық экономика министрлігінің қызметкерлері Республика күніне орай марапатталды
Ұлттық экономика министрлігінде Республика күніне арналған салтанатты жиын өтті. Шара барысында ведомство қызметкерлері мен ардагерлер елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі және көп жылғы еңбегі үшін мемлекеттік және ведомстволық наградалармен марапатталды.
Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин жиналғандарға құттықтау сөз арнап, 1990 жылғы 25 қазанда қабылданған Қазақстанның Мемлекеттік егемендігі туралы декларацияның ел тәуелсіздігі жолындағы тарихи рөліне тоқталды. Министр биыл Қазақстан тәуелсіздігінің 35 жылдығы аталып өтіп жатқанын атап өтті.
Марапатталған қызметкерлер туралы
Вице-премьер министрлік ұжымының ел экономикасын дамытуға, кәсіпкерлікті қолдауға және мемлекеттік басқаруды жетілдіруге қосқан еңбегін ерекше атап өтті. «Ерен еңбегі үшін» медалімен 15 қызметкер мен ардагер марапатталды. Олардың қатарында Гүлмира Акишева, Ботагөз Ақжігітова, Алтын Елубекова, Ерік Ермекұлы, Гүлдана Иманғалиева, Бекжан Кисанов, Жанна Қоштаева, Әлия Қоспанова, Дана Мамбаева, Әсемгүл Омарова, Әлібек Райпов, Аля Салықбаева, Зәуреш Сандыбаева, Вероника Сейтмағамбетова және еңбек ардагері Нәзира Тұрсынбаева бар.
Мемлекеттік активтерді басқару саясаты департаменті басқармасының басшысы Нұрман Әбілқасымов «Мемлекеттік қызмет ардагері» төсбелгісімен марапатталды. Сондай-ақ, еңбек ардагерлері Марат Қалиев пен Айжан Құсайынова саланың дамуына қосқан үлесі үшін арнайы марапат алды.
Ведомстволық марапаттар мен құрмет грамоталары
Министрліктің бірнеше қызметкеріне ведомстволық марапаттар, Құрмет грамоталары және Министрдің Алғыс хаттары табысталды. Бұл наградалар сала мамандарының ел дамуына қосқан зор үлесін айқындайды.
Дереккөз: gov.kz



