Қазақстанда NVIDIA-ның жасанды интеллект бойынша өңірлік орталығын ашу ұсынылды
Астанада alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығында NVIDIA компаниясының басшысы Дженсен Хуангпен кездесу өтті. Жиын барысында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Қазақстанның жасанды интеллект әлеуеті мен жоғары білімді цифрлық жаңғырту нәтижелерін таныстырды.
Қазақстанда NVIDIA Physical AI Hub құру ұсынылды
Кездесуде негізгі бастама ретінде елімізде NVIDIA-ның физикалық жасанды интеллект және симуляциялық технологиялар бойынша өңірлік орталығын – Physical AI Hub ашу ұсынылды. Бұл орталық Орталық Азия университеттерінің ғылыми және білім беру әлеуетін, NVIDIA технологияларын және нақты сектор қажеттіліктерін біріктіруге бағытталған.
Физикалық жасанды интеллект – интеллектуалды жүйелерді нақты тәжірибеде қолдануға мүмкіндік беретін бағыт. Бұл технологиялар робототехника, өндірістік процесстерді модельдеу, инженерлік шешімдерді виртуалды ортада сынау мен цифрлық егіздер әзірлеуді қамтиды.
Саланы дамытуға арналған инфрақұрылымдық жобалар
Министр Саясат Нұрбек Қазақстанда цифрлық инфрақұрылым мен мамандар даярлау жүйесін дамыту жүйелі жүргізіліп жатқанын атап өтті. Екібастұздағы Data Center Valley жобасына GPU-инфрақұрылымын енгізу жоспары бар және осы бағытта NVIDIA-мен ынтымақтастықты кеңейту ұсынылды. Бұл инфрақұрылымдық жобалар Omniverse платформасы мен басқа да озық технологиялармен жұмыс істей алатын кадрлар даярлау арқылы қолдау табады.
Жоғары білімді цифрлық трансформациялау нәтижелері
Министр Coursera платформасымен серіктестік нәтижесінде 255 мыңнан астам белсенді пайдаланушы тіркелгенін және 100-ден астам университеттің қатысып жатқанын айтты. Платформада меңгерілген 211 мыңнан астам академиялық кредит мемлекеттік тізілімде танылды. Бұдан бөлек, AI-Sana ұлттық бағдарламасы аясында 127 мыңнан астам маман сертификатталған.
ChatGPT Edu платформасы мен Huawei ICT академиялары желісі дамып келеді. Сондай-ақ АҚШ университеттерімен агрогеномика, мұнай-газ инжинирингі және тау-кен ісі салаларында ынтымақтастық орнатылған.
NVIDIA Deep Learning Institute бағдарламасын кеңейту
NVIDIA Deep Learning Institute (DLI) бағдарламасы аясында Қазақстанның 12 техникалық жоғары оқу орны бастамаға қатысуда. Төрт оқытушы DLI амбассадоры мәртебесін алды. Жақын болашақта бұл бағдарлама 100-ден астам университетті қамтуы мүмкін. Бағдарлама аясында оқытушыларды даярлау және сертификаттау, оқу материалдарын бейімдеу және мамандандырылған курстарды енгізу жоспарланған.
NVIDIA Physical AI Hub орталығының құрылымы
Ұсынылған орталық Qazaq AI Research University (QAIRU) базасында, қазақстандық және шетелдік университеттер мен технологиялық серіктестердің қатысуымен құрылады. Орталықта NVIDIA DLI өңірлік платформасы, университеттік зертханалар желісі және Omniverse пен Isaac технологиялары негізіндегі бірлескен алаңдар дамытылады.
Жұмыстың басым бағыттарына тау-кен өнеркәсібі, энергетика және көлік салаларына арналған цифрлық егіздер әзірлеу, робототехника мен автономды жүйелерді дамыту, сондай-ақ осы салаларға кадр даярлау кіреді. Студенттік инженерлік командалар кәсіпорындардың нақты міндеттерін шешуге қатысады, зертханаларда прототиптерді сынап, өндірістік модельдер әзірлеу қарастырылған.
Болашақ жоспарлар және келіссөздер
Орталықты іске асыру ғылыми зерттеулер, кадр даярлау және технологияларды өндіріске енгізуді бір жүйеге біріктіреді. Бұл Қазақстанның жасанды интеллект саласындағы мүмкіндіктерін арттырып, елдің технологиялық шешімдерін Орталық Азия нарығына шығаруға жол ашады. Алдағы келіссөздерде орталықтың ұйымдастырушылық моделі мен бірлескен жобаларды жүзеге асыру жолдары талқыланбақ.
Дереккөз: gov.kz


