Қоқысты рұқсат етілмеген жерге тастағандарға айыппұл салынады
Қаладағы тазалық әр тұрғынның жауапкершілігіне тікелей байланысты. Алайда кейбір азаматтар қоқысты белгіленбеген жерге тастауға бейім. Пакетті кіреберіс дәлізге қою, саябақта бөтелке тастау немесе қоқысты арнайы жәшікке апармай, жанына қалдыру — мұның бәрі қоршаған ортаға зиян келтіреді және заң бұзушылық болып есептеледі.
Қоқысты белгіленбеген жерге тастауға қандай жаза қарастырылған
Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-2-бабы бойынша коммуналдық қалдықтарды рұқсат етілмеген орындарға тастағандар әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
- Алғаш рет құқық бұзғандарға 10 айлық есептік көрсеткіш (АЕК), яғни 43 250 теңге көлемінде айыппұл салынады немесе 40 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа тартылады.
- Бір жыл ішінде қайталанса, 20 АЕК (86 500 теңге) айыппұл немесе 80 сағатқа дейін қоғамдық жұмыс жазасы тағайындалады.
Тазалық сақтау – ортақ міндет
Қалдықтарды арнайы контейнерге тастау — үлкен айыппұл төлеуден әлдеқайда оңай әрі тиімді. Барлық тұрғындардан қоршаған ортаға ұқыпты қарауды, қоқысты тек белгіленген орындарға тастауды сұраймыз. Тазалық сақтау — әр азаматтың міндеті, ал таза қала — баршамыздың ортақ жауапкершілігіміз.
Дереккөз: gov.kz


