Қазақстан мен Еуропалық экономикалық палата экологияны цифрландыру мәселесін талқылады
Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыров Еуропалық экономикалық палата комиссары Нельсон Фернандешпен кездесті. Жиында тараптар экология саласын цифрландыру, жасанды интеллектті енгізу және табиғатты қорғауда заманауи талдамалық құралдарды пайдалану бағытындағы ынтымақтастықты сөз етті.
Кездесуде португалдық компанияның цифрландыру мен технологиялық шешімдер әзірлеудегі тәжірибесіне ерекше назар аударылды. Қазақстандық тарап ұсынылған тәсілдер мен оларды экология саласында қолдану мүмкіндіктерімен танысты. Министр Әлібек Қуантыров цифрлық трансформация елдің мемлекеттік саясатының негізгі бағыты екенін атап өтті. Қазіргі кезде министрлік орман шаруашылығы, экологиялық мониторинг және табиғи апаттардың алдын алу саласында цифрлық шешімдерді кезең-кезеңімен енгізіп келеді.
Қазақстанда орман өрттерін бақылау, қауіптерді талдау және жедел әрекет ету үшін Республикалық жедел басқару орталығы жұмыс істеп тұр. Кездесуде Арал теңізінің экологиялық мәселелері жеке қаралды. Министр Арал өңірінің экожүйесін қалпына келтіру үшін заманауи цифрлық технологияларды қолдану мүмкіндігін ұсынды.
Кездесу соңында тараптар сараптамалық диалогты жалғастырып, экология және цифрландыру саласындағы нақты ынтымақтастық бағыттарын қарастыруға дайын екендерін білдірді.
Дереккөз: gov.kz



