Общество

Авиациялық қауіпсіздік саласындағы әйелдердің рөлі және адам факторы талқыланды

Астанада ИКАО авиациялық қауіпсіздік апталығы аясында «Көзқарас күші: әйелдер, адам факторы және авиациялық қауіпсіздіктің болашағы» атты панельдік пікірталас ұйымдастырылды. Жиында азаматтық авиация қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі әйелдердің орны және кәсіби кадрлық әлеуетті дамыту мәселелері қаралды.

Авиациялық қауіпсіздік жүйесіндегі адам факторы

Пікірталасқа ҚР Көлік министрлігі Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Салтанат Томпиева, ИКАО Аэронавигация бюросының директоры Мишель Меркл, Италия және Венгрия азаматтық авиация басқармаларының өкілдері, Біріккен Араб Әмірліктерінің басшылары қатысты. Сессияны ИКАО авиациялық қауіпсіздік жөніндегі директордың орынбасары Соня Хифди жүргізді.

Талқылауда авиациялық қауіпсіздік жүйесінің негізгі құрамдас бөлігі – адам факторы ерекше атап өтілді. Сарапшылар қауіпсіздік шараларының нәтижелілігі мамандардың кәсібилігі, қырағылығы және жедел шешім қабылдауына байланысты екенін айтты. Қатысушылар тәжірибе алмасып, саладағы сын-қатерлер мен жас мамандар үшін жаңа мүмкіндіктерге тоқталды.

Кәсіби даму мен үздіксіз білім алудың маңызы

Салтанат Томпиева кәсіби жолының төменгі сатыдан басталғанын, үздіксіз білім алып, командамен тәжірибе бөлісу арқылы жетістікке жетуге болатынын айтты. Ол кәсіби адалдық пен жоғары жауапкершіліктің маңызды екенін атап өтті.

Пікірталас барысында кәсіби құзыреттерді дамыту мен тәжірибе алмасуға, әйелдердің авиациялық қауіпсіздік саласында толыққанды дамуына қолайлы орта қалыптастыру қажеттігі баса айтылды.

Жастар мен әйелдерге арналған жаңа мүмкіндіктер

Венгрия өкілі Ванда Папп заманауи технологиялар авиация саласына жастарды тартуға мүмкіндік беретінін, ал киберқауіпсіздік пен цифрландыру бағытындағы дағдылардың маңызы артып келе жатқанын жеткізді. Біріккен Араб Әмірліктерінде үш жылдық «Авиация индустриясының болашақ мамандары» бағдарламасы іске асып жатыр. Бағдарлама кәсіби дағдыларды ғана емес, жеке шешім қабылдау қабілетін де жетілдіруге бағытталған.

ИКАО Аэронавигация бюросының директоры Мишель Меркл әйелдердің өзіндік көзқарасы мен тәжірибесі қауымдастықтар арқылы қолдау тауып жатқанын айтты. Ол тәжірибе алмасудың және кәсіби дамуға жағдай жасаудың маңыздылығына тоқталды.

Пікірталастың қорытындысы

Сессия соңында модератор Соня Хифди әйелдердің эмоциялық байлығы мен әртүрлі тұрғыдан ойлай алатынын айтты. Оның пікірінше, тәжірибе алмасу, кәсіби құзыреттерді жетілдіру және мансаптық өсу авиациялық қауіпсіздіктің тұрақты жүйесін қалыптастыруға ықпал етеді. Пікірталас нәтижесінде қауіпсіздік жүйесінің табысты болуы ең алдымен адам факторына, тәжірибеге және ұжымдық әрекетке тәуелді екені атап өтілді.

Дереккөз: gov.kz

Другие новости

Back to top button