Общество

Павлодар облысында абаттандыру ережесін бұзудың 6 мыңнан астам дерегі анықталды

Павлодар облысында жыл басынан бері абаттандыру ережесін бұзу бойынша 6 247 жағдай анықталды. Бұл туралы өңірлік полиция басқармасы мәлімдеді.

Абаттандыру ережесін бұзу деректері

Облыста «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында полицейлер рейд жүргізіп, абаттандыру талаптарының орындалуын қадағалауда. Негізгі назар рұқсатсыз қоқыс тасталған жерлерге аударылған. Тұрмыстық және құрылыс қалдықтарын белгіленбеген орындарға төгу, лас суды рұқсат етілмеген жерге ағызу фактілері тіркелген.

Мәселен, Павлодар қаласындағы Малайсары батыр көшесінде орналасқан нысан иесі аумақта қоқыс жиналуына жол берген. Ал Ертіс ауданына қарасты Голубовка ауылында тұрғын өз ауласының сыртындағы ортақ аумаққа күл төгіп, талапты бұзған. Бұл фактілер бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды.

Тұрғындарға ескерту және хабарласу жолы

Полиция тұрғындарды қоғамдық орындарда тазалық сақтауға және қоршаған ортаға ұқыптылықпен қарауға шақырады. Егер құрылыс немесе тұрмыстық қалдықтардың белгіленбеген орындарға тасталғанын байқасаңыз, 102 нөміріне хабар беру ұсынылады.

Дереккөз: gov.kz

Другие новости

Back to top button